Ұшақты ұшқышсыз басқаруға бола ма? Авиациядағы жаңа технологиялар бұл мүмкіндікті күн тәртібіне шығарды. Мәселе Астанада өткен халықаралық азаматтық авиация ұйымының апталығында талқыланды. Жаһандық жиынға 62 елден авиация саласының мамандары жиналды.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Әуе қауіпсіздігі апталығы әлем елдерінде 25 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстанның бұл ауқымды шараны қабылдауы бекер емес. Еліміз авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына кіреді. Биылғы форумда киберқауіптерге қарсы іс-қимыл, жасанды интеллектіні қолдану және азаматтық авиацияның қауіпсіздігін нығайту мәселелері талқыланады.
ХУАН КАРЛОС САЛАСАР, ИКАО БАС ХАТШЫСЫ:
Қазақстанның ұйым Кеңесіне мүше болуға ұмтылысы құпталады және өңір елдерінің мүдделерін білдіру тұрғысынан маңызды негізге ие. Осы аптада авиациялық қауіпсіздік саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосып, заңсыз араласу әрекеттерінен азаматтық авиацияны қорғауға бағытталған стандарттар, тәжірибелер мен шараларды талқылайды. Сондай-ақ олар осы саладағы үздік тәжірибелер мен соңғы жаңалықтарды қарастырады.
Елдегі азаматтық авиация саласында да ауқымды жобалар қолға алынған. Келер жылы елордада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Нысанды салуға Сингапур мамандары атсалысады. Сондай-ақ Астана мен Нью-Йорк арасында тікелей әуе рейсін ашу жоспарлануда.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
АҚШ тарапынан рұқсатнама алуға тырысамыз. Дримлайнер деген ұшақ тікелей ұшады. Боинг 787 лайнер желтоқсан айында келу жоспарланған. Бүкіл келісім орындалса келесі жылы тікелей рейс ашуға мүмкіндік бар. Екі мемлекеттің арасында тікелей рейс ашылғанда бизнес экономиканың алға басуына мүмкіндік береді. Сол себепті тиімді болмақ.
Соңғы жылдары әуе көлігі саласындағы әлеуетіміз артып, азаматтық авиацияның ел экономикасына қосқан үлесі 6,5 есеге өсті. Халықаралық әуе бағыттарының саны екі есеге көбейіп, жолаушылар ағыны жыл сайын 5-10 пайызға артып келеді. Қазақстанның бұл қарқыны шетелдік әріптестердің де қызығушылығын арттырып отыр. Алдағы уақытта еліміз ИКАО Кеңесінің құрамына кіруге ниетті.