$450.69 €505.04 ₽5.45

«Ақтөбе» клубына 2,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды

«Ақтөбе» клубына 2,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Фото: видеодан скрин

Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясындағы «Ақтөбе» мен «Ордабасы» матчынан кейін бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды Astana TV. 

Клубтар мен «Ақтөбе» командасының бас бапкері Игорь Черевченкоға қаржылық санкциялар салынды.

Ең үлкен айыппұл «Ақтөбе» футбол клубына тағайындалды. Командаға матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны және матчтың ресми тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жаза қолданылды.

Сонымен қатар клуб директоры Б. Дүзелбаевтың төрешілер киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кіргені анықталған. Осы әрекеті үшін клубқа 300 АЕК, яғни 1 млн 297 мың 500 теңге айыппұл салынды.

Ал жанкүйерлердің матчтың ресми тұлғаларына балағат сөздер айтып, қарсылас командаға тіл тигізгені үшін клуб тағы 200 АЕК (865 мың теңге) төлеуге міндеттелді.

Осылайша, «Ақтөбе» клубына салынған айыппұлдың жалпы сомасы 500 АЕК немесе 2 млн 162 мың 500 теңге болды.

Команданың бас бапкері Игорь Черевченко да дискредитациялық сипаттағы мәлімдемелері үшін 50 АЕК, яғни 216 мың 250 теңге айыппұл төлейді.

Ал «Ордабасы» клубына команданың киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығуына байланысты матчтың үш минутқа кеш басталғаны үшін 60 АЕК (259 мың 500 теңге) айыппұл салынды.

Барлық айыппұлды 20 қарашаға дейін төлеу қажет.