Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және бұл мәселеде цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен қолданысқа енгізу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән беріп, Үкіметке нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл міндет “Әділет” партиясының бағдарламасында da көрсетілген. Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда. Соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді. Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды”, – деді Айжан Талғатқызы.
Айжан Талғатқызы елімізде қауіптің алдын алып, жолын кесуге қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Мұндай тәжірибе шет мемлекеттерде, соның ішінде Францияда қолданылады. Бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар. Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс айтты.
“Бірінші. Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс. Екінші. Қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет. Үшінші. Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді. «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек”, – деді ол.