$450.69 €505.04 ₽5.45

142 көпір апатты жағдайда тұр - депутат

21.10.2026ж. 13:00
142 көпір апатты жағдайда тұр - депутат
фото: megapolisnews.kz

Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісов Қазақстанда апатты күйде тұрған көпірлер туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды  Astana TV.

Депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 19 қыркүйекте елдегі жол сапасына қатысты айтқан сынын еске салып, «Әділет» партиясы бұл сынның көпірлердің сапасына да қатысты деп санайтынын атап өтті.

“Мен нақты сандарды айта кетейік: 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сай, еліміздегі 3 623 көпір бар екені белгілі болды. Оның 1 488-і республикалық маңызы бар жолдарда, 2135-і жергілікті маңызы бар жолдарда салынған. Сондай-ақ осы көпірлердің ішінде 142-сі апатты жағдайда тұр, оның 141-і жергілікті маңызы бар жолдардағы көпір. Жергілікті жердегі тағы 420 көпірдің жай-күйі нашар”, - деді депутат.

Халық қалаулысының мәліметіне сүйенсек, апатты көпірлердің басым бөлігі Қызылорда (87) және Түркістан (50) облыстарында шоғырланған. Ал Ұлытау облысында 24 көпірдің 21-і, Батыс Қазақстан облысында 51 көпірдің 44-і нашар жағдайда тұр.

“Жергілікті жолдардағы көпірлердің тек 31,5%-ы ғана жақсы жағдайда (республикалық жолдарда бұл көрсеткіш 50,5%). Ауыл халқы үшін көпір дегеніміз – халықты аудан орталығымен, мектеппен және ауруханамен жалғайтын жалғыз жол”, - деді депутат.

 Осы ретте депутат Көлік министрлігі әзірлеп жатқан маңызды құжатқа назар аударды. Оның айтуынша, ауқымды жоспарда ауылдағы көпірлер назардан тыс қалған. Атап айтқанда, Көлік министрлігі дайындап жатқан 2027–2031 жылдарға арналған бағдарлама тек республикалық маңызы бар жолдарды ғана қамтиды, ал елдегі көпір қорының 59%-ын құрайтын жергілікті 2 135 көпір мүлде ескерілмеген.

Осы түйткілдерді шешу үшін депутат «Әділет» фракциясының атынан мынадай нақты талаптар мен ұсыныстар жолдады:

  1. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды түгел қамтитын 2027–2031 жылдарға арналған көпір шаруашылығын күтіп-ұстау мен қайта жаңартудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу және бекіту.

  2. Жергілікті желідегі көпірлерді бірыңғай әдістеме бойынша толық түгендеуден өткізіп, төлқұжаттау және оларға Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін енгізу.

  3. Апатты күйдегі 142 көпірдің әрқайсысы бойынша қабылданған қауіпсіздік шаралары, жобалау-сметалық құжаттаманың болуы және жұмыстардың басталу мерзімдері туралы нақты ақпарат беру.

  4. 2023–2026 жылдар аралығында көпір құрылыстарына жұмсалған нақты қаражат пен 2031 жылға дейінгі қажетті қаржының есебін ұсыну.