Жалпы көлемнің шамамен 44%-ы Алматы, Астана және Шымкент қалаларының үлесіне тиесілі, деп хабарлайды Astana TV.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Құрылыстың бұл ауқымы тұрғын үй инфрақұрылымының дамып келе жатқанын және жаңа баспана көлемінің артқанын көрсетеді.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қосымша қаржыландыру мәселесі қарастырылған.
«2025 жылы 19 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі мақсатты көрсеткішке қол жеткізу үшін «Бәйтерек» желісі арқылы қосымша 500 миллиард теңге бөлу мәселесі пысықталып жатыр», – деді Нағаспаев.
Бұл қаржының 300 миллиард теңгесін 21 мың жалға берілетін пәтерді сатып алуға, 120 миллиард теңгесін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартууға, ал қалған 80 миллиард теңгесін «Отбасы банкі» арқылы «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыруға бағыттау жоспарланған.
Айта кетейік, жаңа тұрғын үйдің едәуір бөлігі еліміздің ірі қалаларында салынды. Алматы, Астана және Шымкент қалаларына жиынтығында 8,8 миллион шаршы метр – Қазақстан бойынша жалпы көлемнің шамамен 44%-ы тиесілі болды.
Бұл ретте саланың өсу қарқыны бір жылда 6%-ды құрады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 8%-дан асса, ал 2023 жылы 14%-ға жуықтаған еді.