$450.69 €505.04 ₽5.45

Ауыл іргесіне зират салынбақ

AstanaTV
21.10.2026ж. 19:00
Ауыл іргесіне зират салынбақ

Ауылдың іргесіне зират салынбақ. Ақтөбедегі Ақжар-2 тұрғын алабының халқы бұған үзілді-кесілді қарсы. 15 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекен жұрты қорымның кемінде 5 шақырым қашықта болғанын талап етіп отыр. Өйткені мұнда ауызсу нысаны бар, ал ауыл аумағы жыл сайын кеңеюде. Тұрғындар балалар ойнайтын алаң, спорт нысандары мен жаңа үйлерге жер қалдыру керек дейді. 

Жолдың арғы бетінде 60 шақты жаңа зират бар. Қорым кеңейтілмек. Тұрғындардың уәжі тек ауызсу нысанына қатысты емес. Олардың айтуынша, ауылда жастардың бос уақытын өткізетін орын аз, спорт нысаны жоқ. Ал елді мекен кеңейген сайын құрылысқа жарамды жердің маңызы да артуда. Сондықтан жұрттың пайымынша, ауылдың дәл іргесіндегі аумақты қорымға бермей, болашақта тұрғындардың қажетіне жаратқан абзал.

МАРАТ БАЙГУАНОВ, ТҰРҒЫН:

Мына жерде водокачка бар, су бар. Санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат болу керек. Бір жағынан халыққа бұл жерде біздер ойын алаңы түсетін болуы мүмкін, футбол площадкасы түсуі мүмкін.

ЖАМАЛ ТӨЛЕУБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Тірілердің қаласы болып жатса олар ертең өлілердің қаласы болып мына жерде шығады, қазір халық қандай қылып салады? Үйден кем қылмай салады. Сондықтан бізге керек емес.

ЕЛУБАЙ ҚАРАБЕКОВ, ТҰРҒЫН:

Әруақтар тыныш жату керек. Ертең мына жан-жақтың бәрі қысып жатыр. Мынаның ар жағында қазір бүкіл қаланың несі-зираты жатыр. Жастардың деген мына жерде уақыт өткізетін орны жоқ, көшеде жүреді. Біздерде жылқы жүреді жайылып көшеде.

«Ақжар-2» де 15 мыңға жуық адам бар. Ауылда мал шаруашылығымен айналысатындар да аз емес. Жұрт қорымның орналасуы елдімекеннің келешегіне әсер етуі мүмкін дейді. Ал қалалық зират  басшысы тұрғындарға уайымдауға негіз жоқ деп отыр.

ӘНУАР ҚОЖАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЗИРАТТЫҢ БАСШЫСЫ:

Ешқандай зиратты кеңейту жұмыстары болмайды. Тек Ақжар-2 тұрғын алабы жағынан қосымша кіреберіс жасалып, белгі орнатылған. Бұл тұрғындардың зиратқа кедергісіз қатынауы үшін ғана қарастырылған. Тұрғын үйлер мен зираттың арақашықтығы 700 метрден асады. Зираттың жалпы аумағы шамамен 140 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта оның 65–70 гектарында жерлеу рәсімдері жүргізілген, ал қалған бөлігі бос жатыр.

Ақжарлықтар үшін бұл жер-балаларының болашағы, ауылдың келешегі. Сондықтан оларға құр уәде емес, нақты шешім маңызды.