Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қарағанды облысында тасқын салдарынан бүтін бір ауыл қатынассыз қалды

AstanaTV
04.04.2018ж. 20:00
4389
Қарағанды облысында тасқын салдарынан бүтін бір ауыл қатынассыз қалды

Қарағанды облысында Шерубай-Нұра өзені тасып, салдарынан бүтін бір ауыл қатынассыз қалды. Өйткені Шет ауданының Шопа ауылына баратын жалғыз жолды су шайып кеткен. Тұрғындар бірнеше күннен бері ауылдан аттап шыға алмай отыр. 17 шақырым жердегі көрші ауылдың мектебіне барып оқитын балалар да сабақтан қалған.

Әділжан Уайысов, Шопа ауылының тұрғыны:

Балалар өте алмайды. Бәрі қамалып отыр. Осылай күнде жүреміз. Үлкен кісілерге дәрі-дәрмек керек. Бір ағамыз қайтыс болып, сол кісінің қырқы, соған май апара жатырмын. Өзім осы ауылдың тұрғынымын, ес білгелі осы.

Шарасыз тұрғындар күнделікті пайдаланатын ас суды аспалы көпір арқылы тасып жүр. Бұл өткел де апатты жағдайда, ауыр салмақты көтермейді, - дейді ауылдықтар. Су деңгейін бақылап отырған мамандардың мәліметінше, қазір өзен суы 3 метрге дейін көтерілген.  Шерубай-Нұра өзеніне тағы бірнеше шағын өзендер мен таудан аққан бұлақтар қосылады. Сондықтан, күн күрт жылынса, жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Мұндай жағдай жыл сайын көктемде қайталанады. Әбден қажыған жұрт жергілікті әкімдіктен көпір салып беруді сұраған. Алайда билік қаржы тапшылығын алға тартады.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл жерге кәдімгі үлкен аспалы көпір салынуы керек, өзеннің арнасына есептеліп. Оған кәдімгідей үлкен жоба, проект қажет. Мына жерде барлық тұратыны 147 адам бар. Бізде бұдан да ірі елді мекендер бар ғой. Олардың да жолдары осындай жағдайда. Жалпы, аудандағы бүкіл мәселені қойып, осы ауылға көпір салып береміз деп айта алмаймын.