Астанада «KEGOC» компаниясының SAMGAU екінші жастар форумы өтті. Қай саланың болмасын болашағы білікті маман мен тың идеяға тікелей байланысты. Өндірісті цифрландырып, жасанды интеллектіні енгізу және қауіпсіздік талаптарын жетілдіруге арналған жиын 9 өңірдің 100-ге жуық жастарын бір арнаға тоғыстырды.
KEGOC SAMGAU форумы жастар мен тәжірибелі мамандардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Қатысушылар компания басшылығына өз идеяларын ұсынып, энергетика саласындағы өзекті мәселелерді ашық диалог форматында талқылады.
ҚАЗЫБЕК АЙТҚАЗЫ, «АҚМОЛА 500» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АҒА ДИСПЕТЧЕРІ:
Бұл форум біздің Kegoc-тың бірлігін одан әрі дамуына, жастардың бір бірімен ақылдасуына өздерінің идеяларын ұсынуға, соны талқылауға берілген үлкен мүмкіндік деп білемін. Бұл біздің жұмысымыздың жемісті болуына, нәтижелі болуына өзінің үлесін қосады деп сенемін.
Форум аясында жас мамандар саланы дамытуға арналған инновациялық жобалары мен жаңа шешімдерін таныстырды. Ұсынылған бастамалар өндірістік үдерістерді жетілдіруге, жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
АЙДАНА БЕГІБАЕВА, «KEGOC» АҚ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:
Форумның негізгі мақсаты жас мамандар мен басшылардың басын қосып, жаңа идеялармен компанияның дамуы туралы бірге талқылау. Үздік 5 жобаны таңдап, компанияның бизнес процестерін жеңілдетуге ендіру бойынша әрі қарай жұмыстарымызды жалғастырамыз.
Форум жобаларды таныстырумен ғана шектелген жоқ. Бағдарлама аясында командалық жұмысты дамытуға және кәсіби дағдыларды жетілдіруге арналған сессиялар да өтті. Осындай бастамалар арқылы KEGOC аға буынның тәжірибесі мен жастардың тың идеяларын ұштастырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға басымдық береді.