24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты өтеді. Әлемнің үздік балуандары бас қосатын дүбірлі дода елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Бұл – биыл Қазақстан қабылдайтын олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстардың бірі, деп хабарлайды Astana TV.
Тоғыз күнге созылатын чемпионатқа әлемнің 135 елінен 900-ден астам балуан қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Атап айтқанда, Астана төрінде Абдулрашид Садулаев, Кайл Снайдер, Хасан Яздани, Ахмед Тажудинов, Юи Сусаки, Хелен Марулис, Акжол Махмудов, Рыза Каяалп, Моэ Киёок, Амирхоссейн Заре және Хади Сарави сынды Олимпиада және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары және жүлдегерлері өнер көрсетеді деп жоспарланған. Ал Қазақстан құрамасының сапында әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов және Айдос Сұлтанғали бастаған отандық спортшылар ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Астана 2019 жылы да күрестен әлем чемпионатын қабылдаған болатын. Араға жеті жыл салып, әлемдік дода қайтадан елордаға оралып отыр. Бұл еліміздің ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін арттырып қана қоймай, отандық күрестің дамуына және жас спортшылардың осы спорт түріне қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта чемпионатқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан күрес федерациясы және Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымы жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін бірлесіп жұмыс атқаруда. Спортшылар мен шетелдік делегацияларды қарсы алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарыс өтетін нысанды дайындау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Мұндай ауқымды жарыстар Қазақстанның спорттық жетістіктерін әлемге танытумен қатар, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Чемпионатқа келетін шетелдік спортшылар, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер Астананың көрікті жерлерін аралап, еліміздің мәдениетімен таныса алады. Бұл елордаға келетін туристер санын арттыруға және Қазақстанды халықаралық спорттық жарыстар өтетін маңызды орталықтардың бірі ретінде танытуға ықпал етпек.
Әлем чемпионатының ресми бойтұмары ретінде қыран бейнесіндегі «Мұзбалақ» таңдалған. Жарыстың негізгі бәсекелері Qazsport телеарнасынан көрсетіледі. Ал чемпионат кестесі мен билеттер туралы толық ақпарат Қазақстан күрес федерациясының ресми сайтында жарияланған.