Белгілі эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас Сыр елінде өткен дүбірлі шоудан кейін тыңдармандарына алғыс айтты, деп хабарлайды Astana TV.
Әнші осыдан 20 жыл бұрын осы қалада алғашқы жеке концертін бергенін еске алды. Мерейтойлық концерттен естелік кадрлар бөліскен әнші сахнаға ерекше тебіреніспен шыққанын жасырмады.
«Осыдан 20 жыл бұрын Қызылордада алғашқы концертімді өткізгенім күні кешегідей есімде. Сол кездегі бала арман мен бүгінгі қол жеткен жетістіктің арасында қаншама еңбек, талай жыл мен ұмытылмас естеліктер жатыр… Бүгін сол киелі сахнаға мүлде басқа көңіл күймен, бөлек сезіммен қайта оралдым. Рақмет саған, Қызылорда!» – деді әнші.
Сондай-ақ эстрада жұлдызы гастрольдік турне аясында алдағы уақытта Атырау, Тараз және Ақтөбе қалаларының тұрғындарын да өнер көрсетіп, қуантатынын айтты.
Әншінің бұл жазбасы желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, жылы лебіздерге толы пікірлер легін тудырды:
«Бұрын әр 8 наурыз сайын келуші едіңіз; анам екеуміз бұл мерекені әрқашан сіздің концертіңізде қарсы алатынбыз»,
«Қайрат – нағыз аңыз, ол Қызылордада да өз биігінде»,
«Шығармашылық жолың тоқтамасын, алға!»,
«Жарайсың, бауырым! Әндеріңіз әрқашан жүрегімізде», – деп жазды оқырмандар.