Басты көрсеткіштер қала көшелерін мерекелік көңіл күйге бөлеген билбордтарға ілініп, әр өңірдің тұрғындары жұмысқа барар жолда оларды көріп үлгерді. Бұл сан-цифрлардың дені әлеуметтік салаға қатысты.
Бар болғаны жеті жыл ішінде әлеуметтік салаға 88 триллион теңге инвестиция құйылды. Бұл қаржы білім беру, денсаулық сақтау, балалар, студенттер мен отбасыларды қолдау бағыттарына жұмсалып, әр саладан көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын нақты нәтиже шықты.
Ел аумағында жеті жылда 1342-ден астам мектеп бой көтерді. Жаңа оқу орындары сыныптағы орын тапшылығы сезілген аумақтарда, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан қала маңындағы елді мекендер мен аудан орталықтарында көптеп салынды.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесі осы уақыт ішінде 1483 балабақшамен толықты. Бұл ата-аналарға баласын үйіне жақын жерге орналастыруды едәуір жеңілдетті.

Осы кезеңде 1259 жаңа медициналық нысан ашылды. Олардың қатарында ірі ауруханалар да, бұрын дәрігер кесте бойынша ғана келетін шалғай ауылдардағы шағын амбулаториялар да бар.
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға 1,3 триллион теңге бағытталды. Мемлекет ұлт саулығын басты басымдық ретінде белгілеп, бұл бағыт әлеуметтік шығындардың ең үлкен үлесін құрады.

Соңғы жеті жылда шәкіртақы мөлшері 2,5 есеге өсті. Мемлекеттік грантпен оқып, ата-анасынан жырақта жүрген студент бұл қосымша қаржының игілігін бірінші айда-ақ сезінді.
Жалпы гранттардың өзіне мемлекет 1,5 триллион теңге жұмсады. Соның арқасында мыңдаған мектеп түлегі жоғары оқу орнына тегін түсу бақытына ие болды.
Студенттердің тұрғын үй мәселесі де шешімін тауып, жеті жылда 267 жатақхана пайдалануға берілді.
Ел бойынша футбол алаңдары мен бассейндерден бастап, жыл бойы спортпен шұғылдануға болатын жабық кешендерге дейін 536 жаңа спорт нысаны салынды. Олардың көбінде балалар секциялары тегін жұмыс істейді.
Дәл осы мерзімде 312 мәдениет ошағы ашылды. Шағын қалалар мен ауыл тұрғындары үшін жаңа мәдениет үйі концерттер, мерекелік шаралар мен түрлі үйірмелер өтетін маңызды орталыққа айналды.

Бүгінде елде отбасын қолдау орталықтарының саны 160-қа жетті. Мұнда азаматтар психолог, заңгер немесе әлеуметтік қызметкерден тегін көмек ала алады.
Мұндай алғашқы орталықтар 2019 жылы отбасылық соттар жанынан пилоттық жоба ретінде бастау алып, кейін жергілікті әкімдіктердің қолдауымен барлық өңірді қамтыды.

Елдегі құрылыс қарқыны ауқымды көрініске ие. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 118 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Жаңа баспаналар мегаполистерде ғана емес, көп жылдан бері құрылыс көрмеген облыс орталықтары мен шағын қалаларда да бой көтерді.
Бұған қоса, 772 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Бұл – қысты күні көмір мен отын тасып әуреленетін ауыл халқы үшін үлкен жеңілдік.
Мерекелік безендіру жұмыстарында мемлекеттік тудың түстері айшықталып, қалаларға ерекше салтанатты көңіл күй сыйлап тұр. Өйткені бұл құрғақ цифрлардың артында миллиондаған қазақстандықтардың адал еңбегі тұр. Еліміз бұл мерекені 25 қазанда атап өтеді.