Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Президенттің қатысуымен Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі мәжіліс өтті

AstanaTV
05.04.2018ж. 20:00
2748
Президенттің қатысуымен Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі мәжіліс өтті

Қазақстан Кемероводағы 64 адамның өмірін жалмаған өрттен кейін, қауіпсіздікке зор көңіл бөлуі тиіс. Үлкен сауда үйлеріндегі балалар ойнайтын алаңқайлар төменгі қабатқа түсерілуі керек.  Ал жаңадан салынатын сауда-ойын сауық үйлерінің жобасы осындай талаппен салынады. Бұл туралы бүгін Президенттің қатысуымен өткен Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі мәжілісте айтылды. Президент қарқынды дамып келе жатқан қаланың келбетіне тамсанатынын айтқанымен, олықылықтарды да жайып салды.  Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Астана қаласының әкімдігінде Президенттің қатысуымен өткен жиынға шенеуніктерде әдеттегідей тайлы-тұяғы қалмай жиналған. Алдымен сөз алған Әсет Исекешов қаланың экономикалық аяқ алысы, туристік ахуалы сынды мәселелерді жіпке тізді. Ал Президент өз кезегінде 20 жылда атқарылған ауқымды жұмысты былай деп түйді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

20 жыл ішінде, айтып өткендей, 20 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. 53 жаңа мектеп, 26 аурухана, 4 аудан құрдық бүгінгі күні қалада. Елорда жалынды жастардың қаласы, қала тұрғындарының орта жасы 30-да.

Президент Кемероводағы жағдайды да тілге тиек етті. Ол ауыздарың күйгеннен кейін ғана іске көшкенді тоқтату керек деді. Енді алып сауда үйлерінің құрылысын жоспарлағанда, балалар ойнайтын алаңды төменгі қабатта қалдыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аузы күймесе, бізде ештеңеде жасалмайды. Қанша бала қайтыс болғанын көрдіңіздер, сұмдық. Қазір барлық кәсіпкерлер, бәрі жақсы дейді, өздерінше. Неге балалар ойнайтын жер жоғарыда орналасқан? Сауда алаңдарын сонда шығару керек. Балалар алаңы төменде болсын, үлкен жобаларға осындай тапсырма қою керек.

Мұнан өзге Астана жұртына жақсы таныс көлік тұрағы мәселесі бар. Президент назарынан бұл да тыс қалған жоқ. Қалалық әкімдіктің автотұрағындағы слайдты көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешовке "көз алдыңдағы жағдайды көрмейсің" деп шүйлікті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қара сенің көз алдыңда осындай жағдай

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл бір үлкен жиналыс жүріп жатқан кезде түсірілсе керек. Негізі бізде болады мұндай жағдай. Биыл Әкімдік алдында жер астында 2 мың көлік тұратын автотұрақ құрылысын бастаймыз.

Дәл осы көлік кептелістері, тұрақтың болмауы қала тұрғындарына да, келер туристерге де кедергі болмауы тиіс. Турист демекші, Елбасы ЭКСПО алаңында салынған ғимараттарды толық пайдалану керектігін де айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конгресс холлдан өзге онда тағы бір театр бар, сен білесің бе? Концерт залы. Ахметжан сала берген тарсылдатып, барған сайын жаңа бірдеңе көресің.

Президентің назарынан атышулы «сергек» камералары да  тыс қалған жоқ. Қит етсе «смарт-қала» дейтін Исекешев қалада орналасқан 200 камераның көбі істемейтінінен мақұрым болып шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

200 камераның тек 29-ы істейді. Қаншама айттыңдар, бірақ жағдай осы міне. ЖКО азайған көрсеткіш бар, бірақ біз істеген екенбіз, 200-і де істейтіндей етуіміз керек.

Сонымен қатар Президент ел бойынша лифтілердің де жағдайына тоқталды. Қазір қалада 50 лифт жөндейтін компания бар, алайда оның тек 10-ы талапқа сай жауап беретін көрінеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Лифтінің жағдайы жаман мемлекет бойынша. Астанада соңғы уақытта 4-рет лифт үзілді. Лифтімен адамдар күнде жүреді. Сондықтан онда тәртіп орнат. Қашан тексерілгені жазылып тұрсын, адамдар еш алаңсыз жүретіндей ет.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Қарқынды дамып алға басу тек Астанаға ғана емес, басқа аймақтарға да міндет. Сондықтан әр облыстың өз даму жоспары болуы тиіс. Онымен қатар демография мен ішкі миграцияны да назардан тыс қалдырмаған жөн. Президенттің сөзінше, 2050-ші  жылы Алматы 2,5 миллион, Астана 2 миллион халқы бар ірі мегаполиске айналмақ.