$498.34 €519.72 ₽4.85
×

5 облыстағы мыңнан астам ауылды су басуы мүмкін

AstanaTV
05.04.2018ж. 20:00
2456
5 облыстағы мыңнан астам ауылды су басуы мүмкін

Тасқын қаупі күшейді. Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысындағы мыңнан астам ауылды су басуы мүмкін. Мұны Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер хабарлады. Апат күннің күрт жылынуынан туындап отыр. Синоптиктер елдің барлық аймағында ауа температурасы көтерілетінін хабарлады. Соңғы екі апта ішінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласының 50 елді мекеніндегі 1,5 мыңға жуық үйді су басқан. Құтқарушылар тасқын қаупі төнген жағдайда смс хабарламалар таратылып, дабылды ескерту жасамақ. Алайда апатпен күресу үшін қажетті техникалар мен құралдар жеткіліксіз. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы оған қажетті қаражатты Үкіметтен енді сұрап жатқанын айтты. 

Владимир Беккер, ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

Бүгін Үкіметтік резервтен арнайы құрал-жабдықтар алуға 4,3 млрд теңге бөлу туралы мәселе қарастырылып жатыр. Біз не алу керек екенімізді белгілеп қойдық. Ол 1700 мотопомпа, 40 жүзу құралы және, ең бастысы, жеке құрамға қажетті су өткізбейтін 4000 дана костюм сатып алу.

Шығыс Қазақстандағы тасқын қаупі күшеймесе, азаяр емес. Жағдай әлі де күрделі. Апаттан зардап шеккендерге республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінбек. Қазір облыстағы облысының Зырян ауданында 107 үй су астында қалып отыр. Алдын-ала эвакуацияланған 4 мыңнан астам адамның 3 мыңнан астамы үйлеріне оралған. Қалғандары эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлерін жағалап жүр.