Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Азаматтарды бизнесті дамытуға үйрету шаралары мықтап қолға алынады - "Атамекен" ҰКП

AstanaTV
05.04.2018ж. 20:00
2609
Азаматтарды бизнесті дамытуға үйрету шаралары мықтап қолға алынады - "Атамекен" ҰКП

Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған 5 мыңдай адам кәсібін бастауға қажетті шағын несиені ала алмай қалған. Биыл мұндай олқылық болмайды. Бұл жөнінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері мәлімдеді. Шағын несие беруді көбейту мақсатында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы негізінде қосымша 20 млрд теңге бөлінетіні белгілі. Қаражат әсіресе өз кәсібін енді бастағандарға арналған. Ал шағын несиені алған кәсіп иесі өз ісін дөңгелетіп әкете ме? Осы мәселе жіті назарда болады, - дейді мамандар. Ол үшін азаматтарды бизнесті дамытуға үйрету шаралары мықтап қолға алынады.

Бауыржан Оразғалиев "Атамекен" ҰКП департамент директоры:

Биыл 30 мың адамды оқытып, оның кемінде 6 мыңының бизнес ашуына жағдай жасаймыз. Бір ай бойы оқытып, бизнестің қыр-сырын үйретіп, мекемелерге апарып тәжірибе алмастырып, тренерлеріміз дайын қазір, 160 тренер, олар экономика шағын бизнестен хабардар. Және көпшілігі бұрын кәсіпкерлікпен айналысқан, теория ғана емес, практика жүзінде көмектесе алады.

Қосымша 20 млрд теңгенің 14 млрды ауыл тұрғындарына, 6 млрд теңгесін қалалықтарға бөлу жоспарланып отыр. Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім беру жобасына Қазақстанның барлық облыстарынан 80 аудан қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті екі есе арттырып,  160 аудан халқына бизнестің әліпбиін үйрету көзделіп отыр. Сондай-ақ жобаға  14 облыс орталығы мен 27 моноқала тартылады.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА