Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте үш ай ішінде 43 жекеменшік балабақша ашылған

AstanaTV
05.04.2018ж. 20:00
6742
Шымкентте үш ай ішінде 43 жекеменшік балабақша ашылған

Шымкентте балабақшаға деген сұраныс жоғары. Жыл басынан бері жекеменшік иелігіндегі 43 бақша ашылыпты. Ал Ақтөбеде мектептке дейінгі мекеме соңғы рет 2 жыл бұрын салынған. Енді олар кәсіпкерлерге өтініш жасап отыр. Ал Павлодарда кезек күткен балғындар жоқ болып шықты. Жалпы, балабақша мәселесін, ондағы кезек санын аймақтағы тілшілеріміз зерттеп көрді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарда жекеменшік балалар бақшасына сұраныс артып келеді. Қалада мектепке дейінгі 9 мекемеде 800-ден астам бүлдіршін тәрбиеленеді.

Зарина Шәймерденова ұлы 1 жарым жасқа тола сала, балабақша іздеп сабылған. Мемлекеттік мектепке дейінгі мекемеде кезекте тұр. Бірақ бала үшке толмай қабылдамайтын болған соң, бағасы қымбат болса да, жекеменшік бақшаны таңдаған.

Зарина Шәймерденова, ата-ана:

Ақша төлегеннен кейін талабымыз күшті. Бақша жетекшісінен бастап, тәрбиешіге дейін балама жауапты. Екіншіден, ақылы бақшаны көбінің қалтасы көтере бермейді. Демек, мұнда «таңдалған» балалар қабылданады. Ең бастысы, топтарда ары кетсе 10-12 бүлдіршін бар. Ал мемелкеттік бақшаларда бала көп.

Мына балабақшада қазір 250 бүлдіршін тәрбиеленеді. Бақша мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі негізінде 2014 жылы ашылыпты. Небары 50 балғынмен жұмысын бастаған мекеме басшысы тағы 100 орынды дайындап жатқанын айтты.

Әсемгүл Мұқашева, жеке меншік балабашаның әдіскері:

Балалар 1 жарым жастан келеді бізге. Сондықтан мемлекеттік бақшаларға қарағанда кішкентай балаларға орын алуға мүмкіндік бар.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Білім бөлімінің ақпаратынша Керекуде 72 мемлекеттік балабақша бар. Оған 20 мыңнан астам бүлдіршін барып жүр. Шенділер бізде балабақша кезігі жоқ, ол мәселе шешілген деп отыр. Ал, Ақтөбеде кезек күткен балғындар аз емес екен. Аймақтағы әріптесім осылай дейді. Жақсыбек, сөз өзіңде...

Жақсыбек Кемал, тілші:

Иә, Әсемгүл, бізде 36 мың бала мектепке дейінгі мекеме кезегін күтіп отыр. Салдарынан жұмыс істеп тұрған балабақшалардағы топтар балаларды артығымен қабылдауға мәжбүр. Мәселен, кейбір жеке мекемелердегі топтарда 25 баланың орнына 35 балаға дейін тәрбиеленіп жатыр. Оны бізге облыстық білім басқармасы айтты.

Олар мәселені шешу үшін құрылысқа кәсіпкерлер көптеп тартылып жатқанын айтты. Биыл жекеменшік 38 балабақша ашу жоспарланыпты. Ол мекемелердегі әр балаға мемлекеттік тапсырыс негізінде ай сайын мемлекеттен 19 мың 354 теңге бөлінеді, деді.  Балабақша ашуға тілек білдіргендерге арнайы талаптар қойылмақ.

Рахима Жамансарина, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы:

Жеке балабақша ашпай тұрып, қажетті құжаттар жинақтауы керек. Бірінші кезекте ол санитарлық-эпидемиологиялық станцияның қорытындысы. Яғни мекеме санитарлық талапқа сай болуы қажет. Мамандардың кем дегенде 10 пайызының мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек өтілі болуы да ескеріледі. Биыл Ақтөбеде жеке балабақшалар ашып, оларға 5 мың баланы орналастыру көзделіп отыр.

Білім басқармасының өкілдері балабақшалардағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалаушы мекемелер ұдайы тексеріп тұрады дейді. Дегенмен жыл басынан бері ешқандай кемшілік анықталмапты. Тіпті ата-аналар тарапынан да арыз түспеген деді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Айта кетейік, мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесі өңірде соңғы рет 2016 жылы салыныпты. Осы олқылықтың орнын толтыру биыл қолға алынбақ. Шымкентте бұл мәселе қалай шешіліп жатыр. Айзада. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бізде ашылып жатқан балабақша қатары аз емес. Бірақ соған қарамастан, қажеттілік кемімей отыр. Облыста 46 мыңнан астам  бала бүгінгі күні кезекте тұр. Оның ішінде 16 мыңға жуығы 3 пен 6 жасқа дейінгілер. Балабақша кезегі әсіресе Шымкент, Түркістан қалалары мен Сайрам, Сарыағаш, Мақтарал аудандарында байқалады.

Айта кетейін, бізде бүлдіршіндерді балабақша кезігіне қою автоматтандырылған. Алғаш болып Шымкентте былтырғы маусымда қолға алынған бастама оң нәтижесін беріпті. 28 395 ата-ана электронды түрде өтініш беру арқылы, қай жерде бос орындар барын біліп, баласын орналастырған. Енді бұл әдіс барлық ауданда жүзеге асырылмақ.

Жүзімкүл Елемесова, ОҚО білім басқармасының бас маманы:

Қазығұрт ауданы, Түркістан, Түлкібас аудандары оларға қаражат қарап, база бағдарлама дейміз ғой, сонымен келісімшартқа тұрды. Қалған аудандар өздерінің аудандық қалалық экономикалық бөлімдеріне қаржы қарастыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оны біз маусым-шілде айына дейін қаражатты қарап, бітіру жұмыстарын аяқтауы қажет. Барлық аудан қала автоматтандыруға көшуі тиіс. 

Облыста 1827 мектепке дейінгі мекеме бар. Өткен үш айда тағы жекеменшік 43 ұйым ашылыпты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Білім басқармасындағылар сұраныстың артуын өңірдегі туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланыстырады. Олар ел аймағындағы әрбір бесінші сәби Оңтүстік Қазақстанда туылады деді.

Айзада Төребекқызы