Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында муссон жаңбыры кезінде жай түсіп, кем дегенде 14 адам қаза тапты, деп хабарлайды Astana TV TACC агенттігіне сілтеме жасап.
«Жасын түсуі салдарынан 14 адамның қаза тапқаны расталды», – деп келтіреді штат әкімшілігі.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, нөсер жауынның салдарынан 62 аймақта тау көшкіні жүріп, үйлерді су алған және егістіктерді тасқын басқан.
Жергілікті билік өңірде дабыл деңгейін көтеріп, туристердің танымал таулы демалыс орындарына баруын уақытша шектеу туралы шешім қабылдады. Ауа райы оңалғанша бұл шектеулер күшінде болады.
«Жергілікті тұрғындарға тек округ басшысы берген арнайы рұқсат қағазы арқылы таңғы 06:00-ден кешкі 18:00-ге дейін ғана жүріп-тұруға рұқсат етілген», – деп атап өтті билік өкілдері.
Бұл шаралар қолайсыз ауа райы кезінде қауіпті таулы аймақтарда халықтың қозғалысын шектеу үшін қолға алынған. Себебі толассыз жауын көшкін қаупін арттырып, көлік қатынасын қиындатады, бұл сапарға шығуды өте қауіпті етеді.
Тамилнадта солтүстік-шығыс муссоны қазан айының ортасында басталған еді. Ал 19 қазанда билік өкілдері өңірде жоғары қауіп деңгейін жариялады.