$455.63 €507.89 ₽5.65

Қазақстанда 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған

28.10.2026ж. 08:10
Қазақстанда 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгінде 3,5 млн бала, яғни балалардың 90%-ы қосымша біліммен қамтылған. Бұл өскелең ұрпақтың шығармашылық, зияткерлік және дене дамуына арналған мүмкіндіктердің едәуір кеңейгенін көрсетеді, деп хабарлайды Astana TV.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қосымша білім берудің қолжетімділігін арттыру, үйірмелер, шығармашылық орталықтар мен спорт секцияларының желісін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Соңғы екі жылда қосымша білім беру ұйымдарының желісі айтарлықтай кеңейді. 2024 жылы елімізде 1 713 ұйым жұмыс істесе, 2026 жылы олардың саны 2 896-ға жетті. Соңғы үш жылда 26 мыңға жуық орынға арналған 48 жаңа нысан салынды. Бұл балалардың шығармашылықпен, спортпен, музыкамен, робототехникамен және басқа да бағыттармен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтті.

Балалардың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Бүгінде 2,2 млн оқушы үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатысады, олардың 1 миллионға жуығы – ауыл балалары.

Қосымша білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – «бір бала – бір ваучер» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландырудың бірыңғай тетігін енгізу.

2025 жылғы маусымнан бастап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын қамтитын бірыңғай ваучерлік жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Алғашқы кезеңде жоба алты өңірде: Астана және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында басталды. 2026 жылы жобаға тағы бес өңір – Абай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстары қосылды.

Қазіргі таңда ваучерлік жүйе еліміздің 11 өңірін қамтиды. 770 мыңнан астам бала қосымша білім алуға ваучер алды.

Цифрлық тетіктерді енгізу мемлекеттік тапсырысты бөлудің ашықтығын арттыруға, негізсіз қаржыландыру жағдайларын болдырмауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 38 мыңнан астам бұзушылық анықталып, 2,9 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.

Қаржыландыру тетіктерін жетілдірумен қатар қосымша білім беру және балалар демалысы инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, сондай-ақ 50 балаларды сауықтыру орталығын ашу көзделген. Бұл бастама балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, бос уақытын мазмұнды өткізуіне және толыққанды демалуына арналған заманауи кеңістіктер құруға бағытталған.