$455.63 €507.89 ₽5.65

Қазақстанда АЭС құрылысы келер жылы басталады

28.10.2026ж. 12:00
Қазақстанда АЭС құрылысы келер жылы басталады
фото: atomic-energy.ru

Президент келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды, деп хабарлайды Astana TV.

Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

 Жалпыхалықтық референдумның қорытындысы бойынша атом электр станциясын, тіпті бірден бірнеше станция салу туралы дұрыс шешім қабылданды. Енді атом электр станцияларын алдағы елу жылда және одан кейін де уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойластыру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстандағы АЭС-тердің қажеттілігін алдағы жүз жыл бойы өтеуге мүмкіндік беретін Мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру ұсынысын байыппен қарастыруға тұрарлық екенін айтты. 

 АЭС салуға қатысып жатқан шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялы өндірістер ашуға, ядролық энергетика саласындағы білім мен тәжірибені беруге, отандық атом саласы мамандарын даярлауға тарту маңызды. Мұндай ұсыныстарды Ресей мен Қытай компаниялары да білдіріп отыр. Келер жылдың өзінде «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек қолға алу үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды орынды, тіпті қажет деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы. 

Бұл ретте келіссөздердегі барлық ұстаным Қазақстанның ұлттық мүдделерін ескере отырып, мұқият пысықталып, келісілуі керегі айтылды.