$453.87 €508.33 ₽5.65

БҚО-да шекаралық көлік өткізу бекеттері қайта жаңғыртылып жатыр

30.10.2026ж. 19:00
БҚО-да шекаралық көлік өткізу бекеттері қайта жаңғыртылып жатыр

Батыс Қазақстан облысында екі шекаралық көлік өткізу бекеті қайта жаңғыртылып жатыр. Солардың бірі - "Сырым" бекеті. Жоба аяқталғасын, нысанның көлік өткізу қарқыны еселеп артады.  Бүгінде Қытайдан Еуропаға баратын жүктің 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Ал мұндағы құрылыс аяқталғасын, тәулігіне өтетін адам саны 6 мыңнан 10 мыңға, көлік 3 мыңнан 5 мыңға артады. Мұны ең алдымен жолда жүрген жүргізушілер қуана күтіп отыр. 

НҰРЛАН ЛЕСБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ремонт жасап жатқаны жақсы ғой, халыққа жақсы ғой. Жаңасы бітсе, мұндай өшірет болмайтын шығар. Ар жақтан келгендер ана жақтан, біз мына жақтан өтіп, сонда бір тәулікте өтетін шығармыз. Мен Шымкенттен күріш алып келе жатырмын. Бүгін түнде өтсек, аманшылық болса, 2-3 күнде Мәскеуге барып қалармыз.

"Сырым" бекеті бұрын 6 жолақты болса, жөнделген соң 14 жолақты болады. Жоба құны – 22 млрд теңге. Кешенде шекарашылар ғана емес, қызметтік иттерге де барлық жағдай жасалған. Мұндағы құрылыс аяқталған соң, өңірдегі қалған бес бекет те біртіндеп жаңартылады. 

ӘНУАР БАХТИЯРОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ МЕКЕМЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Құрылыс нысанында 180 адам жұмыс істеп жатыр. Екі ауысымда. Бірінші ауысымда 140 адам, кешкі ауысымда 40 адам жұмыс істейді және 50-ге жақын арнайы техника жұмыстанады. Нысанның жұмысы 65% дайын.