Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қарағанды облысында 500-дей тұрғын ауыз суға зәру

AstanaTV
23.02.2016ж. 20:00
2399
Қарағанды облысында 500-дей тұрғын ауыз суға зәру

Ал Қарағанды облысындағы Топар кентінің 500-дей тұрғыны ауыз суға зар болып отыр. Елді мекеннің шетінде тұратын отбасылар суды 2 шақырым жерден тасып ішеді. Ал жергілікті билік аулаларға орталық су жүйесін тартуға асығар емес. Әкімдердің мәселені шешеміз деп халыққа уәде бергеніне бақандай жарты ғасыр болған. Тұрғындардың ауыз суға қатысты арызын тілшіміз Айжан Қуаш тыңдап қайтты.

Суды тасып ішуге үйренген Аманжол Ақышев қысы-жазы осы құдықты жөндеп әуре. "Бірақ көктемде еріген қардан ауыз су  ластанбай қоймайды", - дейді.

Аманжол Ақышев, Қарағанды облысы Топар кентінің тұрғыны:

Міне, осы суды ішеміз. Көктемде мына жақтағы сулардың бәрі осында келеді. Анау жерде боқтық бар, сол да келеді. Жер астынан да қосылады. Қаншама істедік. Бәрібір келе береді. Іше алмайсың мына суды. Не істейміз енді? Бәрібір ішеміз.

Топар кентінің 3 бірдей шағын секторындағы 500-дей тұрғын осылай күн кешуде. Барлығы ортақ бір құдықтан су тасып ішіп отыр.

Айжан Қуаш, тілші:

Топардағы жалғыз баспақұдық осы. Оған кент шетіндегілер 2 шақырым жаяу жүріп әрең жетеді. Осылайша мұндағы су мәселесі жарты ғасырдан бері шешілмей келеді.

Судың зары өткендердің бірі - Марияш Ақышева. Күйеуі - мүгедек. Ауыз судың сапасына көңілі толмайтын ол, жұбайына қажетті медициналық құралдарды тазалау үшін, дүкеннен таза су сатып алатынын айтып кейіді.

Марияш Ақышева, Қарағанды облысы топар кентінің тұрғыны:

Мен біздің суды катетер тазалу үшін де пайдалана алмаймын. Тұзды болғандықтан, ол бітеліп қалады. Кентімізде ондай мүгедектер, қариялар қаншама. Мәселені қалай да шешуге болатын шығар. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бар емес пе?

Жұрт қанша шырылдағанмен, мәселе жуық арада шешілмейтін сыңайлы. Жергілікті билік жеке сектордағы халықтың саны 1500-ге жетпегендіктен, «Ақ бұлақ» бағдарламасына кірмейтінін айтты. Тек мәселе «Өңірлік Даму -2020» жобасы аясында қарастырылады. Алайда, су тартуға қажетті 100 миллиондай теңге не ауданның, не облыстың бюджетінен табылмай тұр.

Айдос Асқаров, Қарағанды облысы Абай ауданы құрылыс бөлімінің бастығы:

Қазіргі таңда Абай ауданында сондай ауыз сумен қамтылмаған 6 ауыл бар. Оған жобалық сметалық құжаттар әзірленген. 2020-сыншы жылға дейін ауылды қамтамасыз етеміз деген үміттеміз. Қазіргі таңда экономикалық ахуалға байланысты қаражат қарастырылмаған. Әзірге ауданның су тартуға қабылеті жоқ.

Қарлығаш Мүслімова, Қарағанды облысы Топар кентінің әкімі:

Ауыз су құбырының нақты қашан тартылатынын айта алмаймын. 2011 жылдан бері бюджеттен ақша сұрап келеміз. Қаражат жоқ деген жауап аламыз.

Алайда, тұрғындар тағы бірнеше жыл күтуге келіспейді. Амалдары таусылған соң, қол жинап, Астанаға хат та жолдаған.

Айжан ҚУАШ