$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қоянды елді мекені жедел жәрдем станциясына зәру

AstanaTV
09.04.2018ж. 20:00
5101
Қоянды елді мекені жедел жәрдем станциясына зәру

Ақмола облысына қарасты Қоянды елді мекенінің халқы жедел жәрдемге жарымай отыр. Басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт емдеу мекемесіне өз аяғымен баруға мәжбүр. 30 мыңдай тұрғыны бар ауылдың халқына шағын медициналық мекеме қызмет көрсетуге үлгермей жатыр. Тұрғындар, жергілікті әкімдікке бірнеше рет өтініш жазған. Алайда, әлі күнге тұшымды жауап жоқ. Қоянды жұртының базынасын тілшіміз Диана Сапарқызы тыңдап қайтты.

Жедел жәрдемнің теперішін халық бірнеше жылдан бері тартып келеді. Тұрғындар ауыра қалса, ауруханаға өз аяғымен жетуге тырысады. Ал сырқаты ауыр жандар жедел жәрдем шақырған күннің өзінде, шұғыл көмек бригадасы ауыл ішіне кіруден бас тартады екен.

Мейрамғали Базарханұлы, Қоянды ауылының тұрғыны:

Қанша ауырып, қиналып барса да, пост ГАИға барады. Содан кейін әкете алады. Бері қарай Қояндыға жедел жәрдем келмейді. Келуде қиын қысты күні, мына жаққа келгенін көрмедік. 

Ауылдағы ахуалды ақ халаттылардың өздері де растайды. Бірнеше мыңдаған адамға қызмет көрсетіп үлгере алмаймыз деп ағынан жарылды. Оның үстіне дұрыс жөндеу көрмеген  мынадай қиқы-жиқы жолдардан әбден қажыдық деп налиды.

Бақытгүл Ортан, медбике:

Бізде 30 мың халықтың 9 мыңы ғана тіркеуде тұрады өзімізде. Біз енді өзіміздікі деп бармай қоймаймыз ғой. Экстренный случай қандай да бір жағдай болмасын, баруымыз керек. Кейде машина болмай қалады. Бәрі қиың. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Мына медициналық орталық - Қоянды ауылының 30 мың тұрғынына арналаған жалғыз пункт. Жалпы бұл жерде небәрі 12 дәрігер жұмыс істейді. Бұл мекемеге қарасты бірде от алып, бірде от алмайтын жалғыз жедел жәрдем көлігі бар.

Гүлжаһар Кушай, Қоянды ауылдық емханасының аға дәрігері:

Күн демей, түн демей, көмек қажет болса, 103-ке хабарласқанымен, Ақмола облысының 103-іне түседі. Ал олар біздің кезекші медбикенің, дәрігердің нөмірін береді. Бізде жедел жәрдем станциясы болмаса да, өзіміз көмек көрсетуге тура келеді. 

Ауыл дəрігерлері Ақмола облыстық ауруханасының басшылығына да, аудан атқамінерлеріне де көмек сұрап хат жазумен келеді. Алайда өтініштеріне əлі күнге дейін тұшымды жауап алмаған. Осы мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, жедел жәрдем станциясының қай уақытта ашылатыны нақты белгісіз деген жауап естідік.

Александр Высоцкий,  Ақмола облысы жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

Қоянды елдімекеніне жедел жәрдем қызметін көрсетін пункт ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда шешілмеген біраз жәйттер бар. Атап айтқанда, қаржы, транспорт жағы, кадр мәселесі мен ғимарат қарастырып жатырмыз. Мұның барлығын денсаулық сақтау басқармасы арқылы шешу қарастырылған. Бірақ қашан ашылатынын айта алмаймыз.

Жедел жәрдем станциясы басшысының сөзінше, Қояндыға көшіп келіп жатқандар саны көп. Және олардың басым бөлігі жергілікті емханаға тіркелмеген. Елді мекенге жедел жәрдем станциясын салу үшін тіркелгендер санын нормативтік құжат бойынша 10 мыңға толтыру қажет екендігін айтты. Қазір олардың қатары  9 мың адамнан асады.

Диана САПАРҚЫЗЫ