$453.64 €508.17 ₽5.59

Ердоған Қазақстан үстінен ұшып бара жатып, Тоқаевқа жылы лебізін жолдады

02.11.2026ж. 21:19
Ердоған Қазақстан үстінен ұшып бара жатып, Тоқаевқа жылы лебізін жолдады
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстан халқына жолдаған тілегі үшін алғыс айтты.

ҚР Президентінің кеңесшісі — Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров  ресми telegram-каналында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жеделхат келіп түскенін жазды.

— Корея Республикасына ресми сапармен бағыт алған мен тарихи атамекеніміз — достас әрі бауырлас Қазақстан аумағымен ұшып барамын. Биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарымның, сондай-ақ Сіздің жақында ғана Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға келген сапарыңыздың табысты нәтижелері мен жылы сәттерін ықыласпен еске алдым. Осы орайда, Сіздің деніңізге саулық, көңіліңізге қуаныш, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген ізгі сәлемімді жолдағым келеді, — деп жазды түрік көшбасшысы жеделхатта.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы ТМҰ саммитіне қатысу үшін Анкара қаласына ресми сапармен барған қазақ делегациясын жылы қарсы алған Түркия Президентіне алғыс айтты.

— Корея Республикасына барар жолда Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшып бара жатқан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жылы лебізге толы хабарлама алдым. Мамыр айында Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және менің жуырда Анкараға жасаған сапарым екі ел арасындағы тығыз байланысты тағы бір мәрте айқындай түсті. Қазақстан халқына жолдаған ізгі тілектері үшін және Анкараға сапарымыз кезінде делегациямызға көрсеткен зор қонақжайлығы үшін Президент Ердоғанға шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайта түсуге ниеттімін, — деп жазды Тоқаев.