$453.26 €506.7 ₽5.58

Интернет-казинолардың заңсыз қызметін ұйымдастырғандарға іздеу жарияланды

Интернет-казинолардың заңсыз қызметін ұйымдастырғандарға іздеу жарияланды
ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі 1985 жылы 8 ақпан күні туған Ресей Федерациясының азаматы Дмитрий Пунин мен 1989 жылы 11 ақпан күні туған Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жариялады. Оларға  белгіленген бұлтартпау шарасы - күзетпен ұстау, деп хабарлайды Astana TV. 

Олар қазақстандық қолданушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Тергеу дерегінше, бұл схеманы іске асыру үшін бақылаудағы компаниялардан, төлем ұйымдарынан және банк құралдарынан тұратын тармақталған халықаралық инфрақұрылым құрылған.

Осы жүйенің Қазақстандағы буыны PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған «Бонами» ЖШС болды. Алайда заңды букмекерлік бизнес интернет-казино қызметін жасыру үшін пайдаланылған.

Ақша ағынын қамтамасыз ету үшін сатып алынған төлем ұйымдары, ресми түрде ғана басшы саналатын адамдар және банк терминалдары желісі пайдаланылған. Оларды қосу және жұмысын жүргізу қаржы секторы өкілдерінің жәрдемімен қамтамасыз етілген.

Нәтижесінде түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында ашылған 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған.

Қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан.

Іздеу жарияланған адамдардың қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне мына телефон арқылы хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 — кезекші бөлім.