$453.26 €506.7 ₽5.58

Елімізде инфрақұрылым жобаларын жүзе асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады

Елімізде инфрақұрылым жобаларын жүзе асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады
Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды Astana TV.  

Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген міндеттер аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері туралы баспасөз конференциясы өтуде. Онда бірінші вице-премьер бастаған салалық министрлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беруде.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басып отыр. Өздеріңізге мәлім, еліміз ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырды. Оның аясында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған аса маңызды бастамалар қолға алынды. Мемлекет басшымыз халыққа Жолдауында экономикамыздың орнықты дамуы мен елдің тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды мақсат-міндеттерді айқындап берді.

Осы орайда Президентіміз 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл жұмыстар басталып та кетті. Құрылған Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданды. Бірінші кезекте қомақты қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуда»,-  деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

 

Атап айтқанда:

Денсаулық сақтау саласында – жалпы құны 344 млрд теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асырылады. Бұл қаражатқа жаңа ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады.

Мәдениет, туризм және спорт салаларына 266 млрд теңге бағытталып, 23 нысан салынады. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бой көтереді.

Білім беру саласында мектептер мен көпфункционалды кешендердің құрылысын қоса алғанда 101 млрд теңгеге 28 жоба жүзеге асырылады.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа бірқатар күре жолдар қайта жаңғыртудан өтеді, жаңа автомобиль жолдары, көпірлер салынып, 48 жоба жүзеге асырылады.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға – 284 млрд теңге бағытталып, 55 нысан қамтылады. Олардың қатарында магистральдық су құбырлары, тазарту құрылыстары, қорғаныс бөгеттері мен су бөгеттері бар.

Жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамыту бойынша 67 жобаны жүзеге асыруға 136 млрд теңге қаралған.

«Бұл қағаз бетіндегі ғана жоспар емес. Осы 122 жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде нақты 497 млрд теңге қаржы бөлінді. Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын 6,5 трлн теңгенің барлығы Үкіметтің қатаң бақылауында болатынын ерекше атап өткім келеді»,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.