$453.26 €506.7 ₽5.58

UWW президенті Қазақстанға алғыс айтты: Астанадағы әлем чемпионаты жоғары бағаланды

UWW президенті Қазақстанға алғыс айтты: Астанадағы әлем чемпионаты жоғары бағаланды

Астанада күрестен Әлем чемпионатының жабылу рәсімі өтті. Тоғыз күнге созылған додаға 135 елден 900-ден астам спортшы қатысты.

UWW президенті Ненад Лалович чемпионаттың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, Қазақстанның небәрі 4-5 ай ішінде осындай ауқымды жарысты өткізуге дайындалғанын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.

«Бұл ерекше әлем чемпионаты болды. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына барлығымыз куә болдық. Осы додаға атсалысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін», – деді ол.

Сондай-ақ Ненад Лалович чемпионатты ұйымдастырудағы еңбегі үшін Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовқа UWW атынан естелік сыйлық пен RUDIS компаниясының арнайы жейдесін табыстады. Бұл – Қазақстан күрес тарихындағы алғашқы осындай марапат.

Өз кезегінде Еркін Оқасов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқандарға алғыс айтып, ұлттық құраманың нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Ол алдағы уақытта балуандардың спорттық көрсеткіштерін жақсарту федерацияның басты міндеті болатынын атап өтті.

Жабылу рәсімінде Әлем чемпионатының ауыспалы туы 2027 жылғы біріншілікті қабылдайтын АҚШ делегациясына табысталды.