Қостанай облысында Рудный қаласының 19 жастағы тұрғынын өлтірген екі азаматқа сот үкімі шықты. Қылмыс биыл қаңтарда тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде болған, деп хабарлайды Astana TV.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, 2026 жылғы 23 қаңтарға қараған түні Рудный қаласындағы П. Корчагин көшесінде орналасқан үйлердің бірінің кіреберісінде жанжал шыққан. Оған марқұмның 200 мың теңге талап етуі себеп болған.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы А. жәбірленушіні өлтіру мақсатында оған бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарынан 19 жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапқан.
Осы кезде бір қабат төменде болған кәмелетке толмаған Б. қылмыстың жасалғанын біле тұра, құқық қорғау органдарына хабар бермеген. Кейін екі сотталушы оқиға орнынан кетіп, Көкшетау қаласына жасырынған.
Сот жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекетін қылмысқа себеп болған мән-жай ретінде жеңілдететін жағдай деп таныды.
Нәтижесінде негізгі сотталушы А. орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал кәмелетке толмаған Б. кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл 8 ай жазасын өтейді.
Сонымен қатар сот А.-дан марқұмның әкесі мен ағасының әрқайсысының пайдасына моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы шешім шығарды.