$451.87 €507.31 ₽5.53

Шетелге аударған 559 млн теңгесін қайтара алмаған компанияға 119 млн теңге айыппұл салынды

Шетелге аударған 559 млн теңгесін қайтара алмаған компанияға 119 млн теңге айыппұл салынды
Ашық дереккөз

Алматы облысында шетелдік компанияға 1,1 млн еуро аударып, белгіленген мерзімде қаражатты қайтармаған қазақстандық ЖШС сот алдында жауап берді. Сот шешімімен серіктестікке 119,8 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Astana TV.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық серіктестік шетелдік компаниямен жалпы құны 1 870 580 еуро болатын жабдықтарды дайындау және жеткізу туралы келісімшарт жасасқан. Келісімшарт аясында шетелдік компанияға үш кезеңмен 1,1 млн еуро, яғни 559,1 млн теңге аударылған.

Алайда тапсырыс берілген жабдықтар белгіленген уақытта жеткізілмеген. Ал шетелге аударылған қаражатты елге қайтару мерзімі 2026 жылғы 30 шілдеде аяқталған. Соған қарамастан ақша Қазақстанға қайтарылмаған.

Тексеру барысында серіктестіктің ұлттық және шетел валютасын белгіленген мерзімде елге қайтару талабын орындамағаны анықталған. Осыған байланысты компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Талғар аудандық соты ЖШС-ге репатриациялануға тиіс қаражаттың 20 пайызы мөлшерінде, яғни 119 829 600 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Компания бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда сот алқасы істің материалдарын қайта қарап, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгертуге негіз таппаған.

Нәтижесінде аудандық соттың шешімі күшінде қалды, ал компанияның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.