Мектепке 3 пышақ, балға мен қысқаш алып кірген. Атырауда білім ордасына қаруланып келіп, қыз баланы өлтірмек болған жасөспірім 15 жылға сотталды. Дінмұхамед Қонаев атындағы Бином мектебінде наурыз айында болған қанды оқиғаға қатысты 9-сынып оқушысының қылмысы толық дәлелденген. Істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқа билердің қатысуымен жабық түрде қараған еді. «Бүгін менің кек алатын күнім». Басты сот талқылауында жасөспірім адам өлтіруді алдын-ала жоспарлап, дәптерге жазып отырғаны анықталған. Жазбалары жаға ұстатады. Онда отбасын жек көретінін, оларды өлтіруге оқталғанын, тағы тырысатынын ашық жазған. Қоғамдарды адамдарды биоқоқысқа теңеген. Тіпті мектептер мен балабақшаларға шабуыл жасап, ондаған баланы өлтірген шетелдік лаңкестердің есімдерін тізіп, бірнеше бетке көшіріп қойған. Компьютерлік ойындарға тәуелді шынайы өмір мен қоғамнан алшақтаған тұйық бала есімі мен түріне қатысты келемеждегеніне ренжіген. Сотта жәбірленуші қыз бала мен оның құрбылары мазақ еткен кезде, бұрынғы ашу мен ыза есіме түсіп, өзімді ұстай алмадым. Мектепке өзгені емес, өзіме қол жұмсауға бардым деп ақталған. Алайда мектеп дәлізіндегі бейнежазбада мұнысы дәлелденбепті.
ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бірнеше қыз балаға оқталғанын анықтадық. Сонымен қатар осы алдымнан шыққан адамның мойынына пышақ тығып өлтіремін деген жазбасына сәйкес, жас бала +Асылайдың ең алдымен желкесіне пышақ тыққаны және оған бірнеше жарақатты аса қатты күшпен, қатыгездікпен салғаны анықталды.
Мектеп оқушысы бұған дейін тиым салынған діни экстремистік материалдарды жеке парақшасына жариялаған. Оны ұлттық қауіпсіздік комиеті анықтап, теолог маман жұмыс жүргізіпті. 16 жасар оқушы енді жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Анасымен қоштасқан соң оның қолына кісен салынды.