Алматыда емханада антибиотикке сынама жасату кезінде жағдайы күрт нашарлаған 14 жастағы жасөспірім бір аптадан кейін ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Astana TV.
«Седьмой канал» ақпаратынша, 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ата-анасының айтуынша, балаға антибиотик еккеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Дәрігерлер жеті күн бойы жасөспірімнің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Баланың ата-анасының сөзінше, тамыз айының басында оның лимфа түйіндері ұлғайған. Олар әртүрлі медициналық мекемелерге жүгінген. Жасөспірім мамандар тағайындаған антибиотиктермен және басқа да дәрілермен екі рет ем қабылдаған. Алайда мәселе шешілмеген.
21 қазанда ата-анасы баланы Алматыдағы емханалардың біріне қабылдауға алып барған. Анасының айтуынша, инфекционист дәрігер антибиотик тағайындаған.
Әйелдің сөзінше, дәрігер препаратты енгізер алдында міндетті түрде сынама жасау керегін ескерткен. Алайда медициналық процедурадан кейін баланың жағдайы бірден күрт нашарлаған.
«Ол екінші медбикеден препараттың қандай дозасын енгізу керегін сұрады: “0,5 пе?” деді. Екіншісі “Иә, 0,5” деп растады. Бұл сөз екі рет қайталанды. Препаратты бұлшықетке салды. Баланың жүрегі айнып, құсқысы келді. Ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын, бүкіл денесі шаншып бара жатқанын айтты. Жағдайы соншалықты тез нашарлағандықтан, оны көтеріп, өзім сүйреп әкелгендей болдым. Мұрын тұсына мүсәтір спиртін ұстап тұрдым, ал дәрігер оған қандай да бір препарат, шамасы, шокқа қарсы дәрі салды. Бірақ баланың жағдайы жақсармады. Денесі құрыса бастады. Есінен танды. Мен оны ес-түссіз жатыр деп ойладым. Олар абыр-сабыр болып, жүгіріп, көмектесуі тиіс дәрігерлерді іздей бастады», – деп еске алды анасы.
Ата-анасы ұлында ауыр аллергиялық реакция болуы мүмкін деп болжаған. Кейін жасөспірім Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Онда оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан.
«Біз соңына дейін үмітімізді үзбедік. Алғашында қатты күйзеліп, көз жасымды тыя алмадым. Кейін өзіме: “Ұлымның жүрегі соғып тұрғанда, мен оны жоқтап жыламаймын” дедім. Осы күндердің бәрінде өзімді ұстауға тырыстым», – деді анасы.
Марқұмның ата-анасы полицияға арызданған. Олар балаға препараттың қандай мөлшерде енгізілгенін, медициналық процедураның дұрыс жүргізілгенін және емхана қызметкерлерінің баланың жағдайы нашарлаған сәттегі әрекеттерінің заңдылығын тексеруді талап етіп отыр.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеру аяқталғаннан кейін толық ақпарат берілетінін хабарлады.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Бұл дерек бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалардың барлығы тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында тиісті процестік шешім қабылданады», деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.