Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жеделсатылардың жайы қашан толық шешіледі?

AstanaTV
11.04.2018ж. 20:00
5165
Жеделсатылардың жайы қашан толық шешіледі?

Ақтөбеде жеделсатылар жаппай тексеріліп жатыр. Оған жуырда орын алған қайғылы жағдай себеп болды. Алматыда тозығы жеткен көтергіш техникаларды ауыстыру қолға алынған. Өткен ғасырда салынған тұрғын үйлердегі лифттерді ауыстыру қаншалықты тиімді? Осы және өзге де сұрақтарға әріптестерім жауап іздеді. Алдымен Ақтөбеден Жақсыбек Кемал тақырыпты тарқатады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбедегі тұрғын үйлерде 750-ге тарта жеделсаты бар. Облыстық әкімдіктің дерегінше, оның 40 пайыздан астамының қолдану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Яғни кез-келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін.

Қаланың қақ ортасында орналасқан мына көпқабатты үйдегі жеделсаты 36 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Бір жыл бұрын мамандар жарамсыз деп тануға шешім шығарған. Алайда тұрғындар жандарын шүберекке түйіп, әлі қолданып жүр. Себебі жоғарғы қабатта тұратындардың көбі қариялар.

Кәмшат Жаңбыршина, Ақтөбе тұрғыны:

Немерелер мінбейді, кішкентай болса да, біледі, «нет, мы пешком пойдем» деп. Біз үлкендер все-таки мінеміз.

Әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия шаһардағы көпқабатты үйлердің лифттерді тексеруге кірісті. Ескі жеделсатылардың көбінің тіпті арнайы құжаты да жоқ көрінеді. Ал кейбірі адам өміріне аса қауіпті 

Бақытжан Кенесарин, комиссия мүшесі:

Тұрғындар өздері 2-3-4 этаждарда лифтінің шахтаға кіретін есіктерін жауып тастаған. Гипсакартонмен, керпішпен қалап тастаған. Адам кіре алмайды, шыға алмайды. Мүлде қауіпті. Қызмет көрсететін лифтер, механиктер адам тұрып қалса шығара алмайды. басты безопасносты клинья деген. Трос үзілсе, ана клинья ұстап қалады, хотя бы белгілі бір уақытқа ұстап қалатын. Ондай жоқ.

4-інші сәуірде Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің бірінде 28 жастағы келіншек жеделсатыға қыстырылып қаза тапқан еді. Әкімдік өкілдері осы қайғылы жағдайдан кейін ғана әрекетке көшіп отыр. Оқиға болған үйдегі жеделсаты, тергеу жүріп жатқандықтан, сол күйі жабық тұр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Комиссия мүшелері күніне 35 жеделсатыдан тексеріп жатқанын айтады. Қорытынды айдың соңында шығарылмақ. Мамандардың айтуынша, жарамсыз деп танылған жеделсатыларды тұрғындар өз қаржысына ауыстыруы керек. Ал, ең арзан деген белоруссиялық жеделсатының өзі 7 жарым миллион теңге тұрады. Алматыда тозығы жеткен лифттерді жаңасына ауыстыру ісі қалай жүріп жатқанын әріптесім айтуға дайын, Олжас, сөз өзіңде.

Олжас Нұржақып, тілші:

Жақсыбек, шахарда 2011-ші жылы жаңашаландыру жобасы іске қосылған. Соның негізінде қайтарымды қаржы есебінен лифттерді ауыстыру ісі қарқын алған. Биыл 222-ін жаңалау жоспарланса, жыл басынан 16 жаңа лифт халық игілігіне берілді. Алматыдағы тұрғын үйлерде 3 мың 700 жеделсаты болса, оның 1 700-інің қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен. 

Әлі күнге ескі лифтпен жүргендер жетіп артылады. Тұрғындар әбден ескірген, жиі тоқтап қала беретін жеделсатының ішінде қалып қоюдан қорқады. Жақында ПИК тарапынан лифтіні ауыстыруы туралы хабарландыру берілген. Бірақ қаржысы қалтаға ауыр.

Константин Копейкин, Алматы тұрғыны:

Кіреберіске жаңа жеделсатыны ауыстыру туралы хабарландыру ілінді. Бағасы 6 миллион теңге. Көршілердің көпшілігі келісер емес.

Қала билігі аталған сомма еш пайызсыз 10-15 жылға бөлінетінін, сондықтан шоршуға негіз жоқ деді. 

Жандос Қайырханов, Алматы қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

Тұрғындар бұл ақшаны 10-15 жыл, өздері қай уақытты таңдайды, сол бойынша  қайтарып отырады.

"Алматылифтінің" дерегінше, 400 келілік бір сатының бағасы шамамен 6,5-7 миллион теңге. Ал, бір лифтіні ауыстыруға 20 күндей уақыт кетеді.

Олжас Нұржақып, тілші:

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы 2020-шы жылға дейін жоспарланған. Ескірген жеделсатыларын жаңартқысы келген тұрғындар, алдымен ПИК төрағасымен жалпы жиналыс өткізуі керек.  Тиісті хаттама толтырып, өтініш берілген соң, жаңарту жайы жоспарға қойылмақ. Лифтілер жайы Астанада қалай екен? Диана, сөз өзіңде.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астанада 200-ден аса лифтінің қауіпті екені анықталған. Жаңа жыл қарсаңында көпқабатты үйлердің бірінде істен шыққан жеделсаты әлі күнге іске қосылмаған. Тұрғындар пәтер иелері коперативі мен әкімдікке бірнеше рет хабарласқан. Алайда ешбір жауап болмапты. 

Тұрғын:

Бізге лифт ауадай қажет. Мен жетінші этажда тұрсам да, маған да ауадай қажет. 9-шы этажда апалар тұрады.

Атқамінерлер жеделсатылардың жағдайын сақшылармен бірге тексеруді жоспарлап отыр. Көтергіш техникалық талаптарға сай келмеген жағдайда, компанияларға қатысты шара қолданылуы мүмкін.

Төлеген Құлышев, Астана қаласы орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:

Алдымен жағдайы нашар көтергіштерді қараймыз. Жарамды, не жарамсыздығын тексереміз. Қорытындысы шыққан соң, әкімшілік жаза қарастырылады, ішкі істер департаментіне қылмыстық іс қозғауға жібереміз.

Диана Сапарқызы, тілші:

Әкімдіктің хабарлауынша, былтыр елордада 100-ге жуық лифт жаңартылған. Өткен жылы 727 лифтіні тексеру кезінде көтеру механизмінде 240 қа жуық кемшілік анықталыпты. Ал осы жолғы  тексеру нәтижелерін мамандар ай сайын жариялап тұрмақ. 

Диана Сапарқызы Жақсыбек Кемал Олжас Нұржақып