$447.52 €502.21 ₽5.41

Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасов төрт жылға сотталды

Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасов төрт жылға сотталды
Фото: primeminister.kz

Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасовқа сот үкімі шықты

Ол пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақталды, деп Astana TV тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы ынтымақтастыққа қатысты іс бойынша барлығы бес адам сотталды.

Үкімді бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық соты жариялады.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оларды бірнеше бап бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен зиянды бағдарламаларды пайдалануға қатысты айыптар бойынша кінәлі деп таныды. Алайда кейбір айыптар бойынша ақтады.

Орталықтың тағы екі қызметкері – Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін 3 жылға сотталды. Алайда рақымшылық жасау туралы заңның қолданылуына байланысты олардың жазасы 2 жылға қысқарды.

Омаров пен Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Болатбаев пен Дошимовқа бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге шектеу қойылды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Сотталған бес адамның барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот 75 мың доллар, яғни 39 миллион теңгені мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, Ақмади Сарбасов бес жылға жуық уақыт Еңбек вице-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2025 жылдың сәуірінде ол Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарды. Алайда бірнеше айдан кейін тергеуге алынды.

Еске салайық, 28 маусымда Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында кезекті 75 мың доллар (шамамен 35 миллион теңге) пара беру кезінде Бірінші кредиттік бюро бас директоры Руслан Омаров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы басшысы Ақмәди Сарбасов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықовты ұстады. Бірінші кредиттік бюро басшылығы қазақстандықтардың жеке дерегін алу үшін еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшылығына жүйелі түрде пара бергені анықталды. 

Күдіктілердің үйін тінту барысында 370 мың доллар (191 миллион теңге) және 4,5 млн теңге тәркіленді. 30 маусымда сот санкциясымен үш күдікті 2 айға қамауға алынды.