$444.76 €495.37 ₽5.37

Германияда Гитлердің Альпідегі бұрынғы резиденциясы қайта қалпына келтірілмек

Германияда Гитлердің Альпідегі бұрынғы резиденциясы қайта қалпына келтірілмек
Фото: BILD

Ғимаратты көруге жылына 300 мың турист келетін

Германияның Бавария аймағында 2026 жылғы 23 қазанда өрттен дерлік түгел жанып кеткен Кельштайнхаусты, яғни «Бүркіт ұясын» қалпына келтіруге дайындық басталды. Бавар Альпісінде орналасқан бұл ғимарат 1937–1938 жылдары нацистік басшылық үшін салынған және Адольф Гитлердің есімімен байланысты. BILD басылымының хабарлауынша, қазірдің өзінде құрылыс алаңына мұнаралы кран орнатылған, деп хабарлайды Astana TV.

Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарын Gebr. Schmölzl GmbH & Co. KG компаниясы жүргізеді. Бавария билігі өрттен кейінгі күні-ақ тарихи нысанды қайта тұрғызу жоспарын жариялаған. Аймақтың ішкі істер министрі Йоахим Херрманн ғимараттың сақтандыру өтемақысымен толық қамтылғанын мәлімдеді.

Өртті қасақана шығарды деген күдікпен 33 жастағы Штефан В. ұсталған. Ол Берхтесгаден қаласында өсіп, соңғы уақытта Берлинде тұрған. Полиция оны өрттен көп ұзамай қолға түсірген. BILD мәліметінше, күдіктінің пәтерін тінту кезінде «Антифа» қозғалысына қатысты материалдар табылған.

Кельштайнхаус нацистік режимнің беделін көрсетуге арналған нысан ретінде небәрі 13 айда салынған. Алайда Гитлердің өзі бұл жерге сирек келген.

1952 жылдан бастап ғимарат тау мейрамханасы ретінде пайдаланылып, кейін мұнда нацизм тарихына арналған көрме де ашылған. Бұл тарихи орынға жыл сайын шамамен 300 мың турист келетін.