Солтүстік Қазақстанда бірқатар шаруашылықтар мемлекеттен бөлінетін субсидияны заңсыз иемденген. Бұл мемлекеттік кіріс департаментінің тексерісі кезінде анықталған. 18 кооператив басшысы несие рәсімдеу кезінде ұжымдағы ірі қараны өз атына жазған. Шын мәнінде мал тұрғындарға тиесілі болған. Сондай-ақ, кейбір кооперативтер асыл тұқымды мал басын көбейтуге бөлінген демеу қаржыны мақсатсыз пайдаланған. Тұқым селекциясын дамытуға уәде еткен шаруашылықтар үкімет қаржысын тек бұқаларды күтуге жұмсапты. Ал ветеринарлар мен зоотехникалық есеп жүргізетін мамандар тіпті жоқ екен. Тергеу нәтижесінде 16 кооператив мемлекеттік субсидияны бірден қайтарып берсе, екі шаруашылықтың ісі сотқа жолданды.
Виктория Пивоварова, СҚО мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы:
Соттың үкімі бойынша бір кооператив басшысына 3 жылға дейін шартты мерзімге жаза кесілді. Тағы бір ұжымның жетекшісі 5 жылға түрмеге тоғытылды. Жалпы, тексеру барысында 30 миллион теңге қазынаға қайтарылған.
Бүгінде
Қызылжар өңірінде 195 кооператив бар, оның 49 өткен жылы құрылған. Ұжымдардағы
ірі қара саны 29 мыңнан асады. Былтыр олар 16 мың тонна сүт өндірген.
Кооперативтер қара малды асылдандыруды да қолға алған. Соңғы 3 жылдың ішінде
900 асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Былтыр теріскейлік кооперативтерді
қолдауға мемлекеттен 1,1 миллиард теңге бөлінген.