557 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеп-қарау жүргізу жоспарланған
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасы аясында су шаруашылығы нысандарын салу, реконструкциялау және жаңғырту жобалары жүзеге асырылады. Барлық іс-шара Су ресурстарын дамытудың кешенді жоспары мен Су ресурстарын басқару тұжырымдамасында қарастырылған. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында журналистің сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп жазды Astana TV.
Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу, 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, 14,5 мың км каналды жаңғырту, оның ішінде 3,5 мың км каналға цифрландыру элементтерін енгізу, 557 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеп-қарау жүргізу жоспарланған.
«2030 жылға дейін осы нысандардың барлығын салу, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылады. Олардың қатарында су қоймалары мен ирригациялық каналдар бар. Барлық жоба су шығынын азайтуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті суармалы жер көлемін ұлғайтуға бағытталған», – деді спикер.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін тапсырыс беруші және техникалық қадағалау қызметі бақылайды. Жұмыс басталғанға дейін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтеді.
Сонымен қатар, министрлік су шаруашылығы нысандарына көпфакторлы зерттеп-қарау жүргізеді. Оның нәтижесінде әр нысан бойынша қалпына келтіру, реконструкциялау немесе жаңадан салу қажеттілігі айқындалады.