Мердігерлерден 13 миллион теңгеден астам пара талап еткен аудандық бөлім басшысы 7 жылға, жеке мектепке лицензия беру үшін 2 миллион теңге пара алған шенеунік 5 жылға сотталды. Мұндай істерді қарағанда сот неге назар аударады және заң қандай жаза көздейді? Судья тілшімізге берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Astana TV.
– Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстар дегеніміз не? Олардың қоғамға қауіптілігі неде?
– Мемлекеттік қызмет – халық сеніміне негізделген үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметші өзіне берілген өкілеттіктерді жеке басының пайдасы үшін емес, мемлекет пен қоғамның мүддесі үшін пайдалануға міндетті.
Алайда кейбір лауазымды адамдар қызметтік мүмкіндіктерін заңсыз пайдаланып, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіреді. Мұндай әрекеттердің зияны тек материалдық шығынмен шектелмейді: олар мемлекеттік органдарға деген сенімді төмендетіп, заңдылық пен әділдік қағидаттарына нұқсан келтіреді.
Сондықтан заң шығарушы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін арнайы жауаптылық белгілеген.
– Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының субъектілеріне кімдер жатады?
– Мұнда екі топты ажыратқан жөн. Пара алу сияқты қылмыстар үшін тек арнайы субъектілер жауап береді. Қылмыстық кодекстің 3-бабының 16), 19), 26), 27) және 28) тармақтарына сәйкес, оларға мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамдары жатады.
Пара берушінің мүддесі үшін белгілі бір әрекетті жасауға тікелей өкілеттігі болмаса да, лауазымдық жағдайына байланысты басқа адамдардың сол әрекетті жасауына ықпал ете алатын тұлғалар да пара алғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Ал пара беру және парақорлыққа делдал болу қылмыстары үшін заңда белгіленген жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлғалар жауапқа тартылуы мүмкін. Яғни лауазымды адамға заңсыз сыйақы ұсынған немесе оны беруге көмектескен азамат та заң алдында жауапты.
– Сот тәжірибесінде мұндай істерді қарау кезінде қандай мәселелерге ерекше назар аударылады?
– Мұндай істерді қарау кезінде ең алдымен дәлелдемелердің жеткіліктілігі мен заңдылығы маңызды. Сот адамның лауазымдық мәртебесін ғана емес, оның нақты қандай өкілеттіктерге ие болғанын және сол өкілеттіктерді қалай пайдаланғанын анықтайды.
Қабылданған шешімнің себептері, қызметтік міндеттердің мазмұны, адамның ниеті, келтірілген зардаптар және өзге де мән-жайлар жан-жақты зерттеледі.
Соттың міндеті – айыптауды жай ғана растау емес, іс бойынша ұсынылған барлық дәлелдемелерге объективті баға беру. Өйткені қылмыстық сот төрелігінің негізгі қағидаттарының бірі – кінәсіздік презумпциясы.
– Сот тәжірибесінен осы санаттағы істер бойынша нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Әрине. Кассациялық соттың қарауында болған істердің бірінде Ақтөбе облысы Шалқар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Ш. Сәдуақасоваға қатысты шығарылған үкім кассациялық тәртіппен қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, ол екі мердігер ұйымның басшыларынан орындалған жұмыстардың актілерін кедергісіз бекітіп, төлемдердің уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін бірнеше рет пара талап еткен.
Атап айтқанда, «Данекер» ЖШС директорынан 5 млн 700 мың теңге, ал «АзияСтройПроект-777» ЖШС директорынан 8 млн 50 мың теңге сұраған. Пара беруден бас тартқан жағдайда негізсіз тексерулер жүргізіп, жұмыстарды қабылдауға кедергі келтіретінін айтып қорқытқан.
Нәтижесінде мердігерлер талап етілген қаражатты үшінші тұлғалардың банк шоттарына аударған. Параның жалпы сомасы 13 млн 750 мың теңгеге жеткен.
Кассациялық сотта сотталғанның қорғаушылары оның әрекетін лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, асыра пайдалану немесе алаяқтық ретінде қайта саралауды сұраған. Алайда сот іс материалдарын зерделей келе, лауазымды тұлғаның мердігерлерге қысым көрсеткенін және ақша берілмеген жағдайда олардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдай жасағанын анықтады.
Бұл мән-жайлар куәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және ақша аударымдарымен расталған. Сәдуақасоваға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, кассациялық сот бұрын қабылданған сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.
Тағы бір мысал – Шымкент қаласындағы жеке мектепті лицензиялау мәселесіне қатысты іс.
«Яссауи-1 бастауыш мектебі» ЖШС-нің директоры Д. Хасанова білім беру қызметімен айналысуға лицензия және оған қосымша алу үшін бірнеше рет өтініш берген, алайда әр жолы лицензия беруден бас тарту туралы жауап алған. Осыдан кейін ол мәселені пара беру арқылы шешуге әрекеттенген.
2025 жылғы 24 қаңтарда ол мектепке лицензия алуға ықпал ету үшін делдал М. С. Абдуллаевқа 2 млн теңге берген. Делдал бұл ақшаны Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы М. У. Акбердиевке берген.
Осылайша, мектеп директоры пара берді, делдал парақорлыққа делдал болды, ал бөлім басшысы делдал арқылы пара алды деп айыпталды.
Кассациялық сотта сотталған лауазымды тұлғаның қорғаушылары оның кінәсі дәлелденбегенін айтып, ақтауды немесе істі қайта қарауға жіберуді сұраған.
Алайда сот іс материалдарын зерттеу барысында айыптың дәлелденгенін анықтады. Атап айтқанда, басқа сотталғандардың жауаптары, автокөлікті тінту кезінде табылған 2 млн теңге, сондай-ақ арнайы іс-шаралар барысында жазылған телефон сөйлесулері мен өзге де материалдар ескерілген. Сараптама қорытындысы сөйлесулердегі дауыстардың сотталғандарға тиесілі екенін растаған.
Нәтижесінде М. У. Акбердиевке 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың актілерін өзгеріссіз қалдырған.
Бұл істерден байқағанымыздай, сот әрбір дәлелдемені жеке-жеке зерттеп қана қоймай, олардың өзара байланысын да бағалайды. Қылмыстық жауаптылық туралы шешім дәлелдемелер мен заң талаптары негізінде қабылданады.
– Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қандай жазалар қарастырылған?
– Жазаның түрі мен мөлшері жасалған қылмыстың нақты құрамына, оның ауырлығына және Қылмыстық кодекстің тиісті бабының санкциясына байланысты.
Заңда айыппұл, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру сияқты жазалар көзделген. Сонымен қатар Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыстарының бірқатар құрамы үшін мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру қосымша жаза ретінде міндетті түрде тағайындалады.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлінің жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді.
Жазаның мақсаты – тек адамды жазалау емес, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және жаңа қылмыстардың алдын алу.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қоғам нені түсінуі керек?
– Ең алдымен, әрбір азамат сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсінуі қажет. Кейде адамдар мәселені тез шешу үшін заңсыз сыйақы беруді қалыпты жағдай деп қабылдайды. Алайда мұндай әрекет заңдылық қағидаттарын бұзып, басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіреді.
Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат өз құқықтарын біліп, заңсыз талаптарға жол бермеуге және мемлекеттік қызметтерді заңды жолмен алуға ұмтылуы тиіс.
– Сұхбат соңында оқырмандарға не айтқыңыз келеді?
– Лауазымды адамға берілген өкілеттік – жеке артықшылық емес, үлкен жауапкершілік. Заң талаптарын сақтау, қызметтік міндеттерді адал орындау – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Ал соттың басты міндеті – әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес, жан-жақты және объективті қарап, әділ шешім шығару. Заң үстемдігі мен әділдік – қоғам тұрақтылығы мен мемлекетке деген сенімнің негізгі кепілі.