Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді. Президент мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты жүйенің басты мәселелерінің бірі деп атады, деп хабарлайды Astana TV.
Президенттің айтуынша, жоғары лауазым үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал заң алдында адамның қызметі, еңбегі немесе ықпалды таныстары ешқандай артықшылық бермеуі тиіс.
«Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным», – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық компаниялардың жұмысы тоқтамайды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмысы қалыпты тәртіппен жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, жемқорлыққа қарсы шаралар мемлекеттік компаниялардың қызметіне кедергі келтірмеуі керек.
Президент мұндай шаралар, керісінше, инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттырып, компаниялардың ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететінін жеткізді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қолдау көрсету саясаты жалғасатынын атап өтті. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылдық мораторий енгізу жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
1,3 триллион теңгеден астам актив қайтарылған
Президент заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару нәтижелеріне де тоқталды.
Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, 1,3 триллион теңгеден астам актив қайтарылып, бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған.
Қазіргі уақытта олардың 383-і пайдалануға берілген. Атап айтқанда, медициналық мекемелер, мектептер, спорт кешендері мен сумен жабдықтау желілері салынған.
Алайда Мемлекет басшысы салынған нысандардың сапасын тексеру қажеттігін де айтты. Әсіресе жолдар мен басқа да инфрақұрылымдық нысандар сапасының талапқа сай келмеуіне назар аударды.
Үкіметке нақты мерзім белгіленді
Президент мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.
«Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға нақты тапсырма жүктеді.
«Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін», – деді Президент.
Осылайша, Үкімет пен жауапты органдар 24 қарашаға дейін мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және олардың қызметін жақсартуға бағытталған ұсыныстарын Мемлекет басшысына ұсынуы тиіс.