$444.3 €490.91 ₽5.41

Димаштың Мексикадағы жанкүйерлері қазақша ән шырқады

Димаштың Мексикадағы жанкүйерлері қазақша ән шырқады
Фото-коллаж: dimashnews.com/ ЖИ арқылы өңделген

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасындағы концерті ерекше әсерге бөленді. Мексиканың Мерида қаласында өткен кеште мыңдаған көрермен қазақ тіліндегі әндерді қосыла шырқап, өнер иесіне ыстық ықыласын білдірді, деп хабарлайды  Astana TV.

Димаш Құдайберген шетелдегі концерттерінде қазақ тіліндегі әндерге айрықша орын береді. Осы арқылы ол әлем жұртшылығын қазақтың ұлттық өнерімен, тілімен және мәдениетімен таныстырып келеді. Әнші әрі музыкалық продюсер ретінде әр туындының ұлттық болмысын сақтап, оны заманауи музыкалық үлгіде ұсынуға мән береді.

Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері қазақша әндерді жаттап, Димашпен бірге орындауды дәстүрге айналдырған. Меридадағы концерт те осы үрдістің жалғасына айналды. Әсіресе "Aqerke" әні шырқалған сәт көпшіліктің есінде қалды. Dears жанкүйерлер қауымдастығының мүшелері ақ түсті қатпарлы қағаздан жүрекшелер жасап, ән орындалған кезде оларды әуен ырғағымен тербетті. Көрермендердің мұндай ықыласы әншіні ерекше толқытты.

"Тіпті айтарға сөз таба алмай тұрмын, сіздерге мың алғыс! Бүгін менің үлкен армандарымның бірі орындалған күн. Бала кезімде Латын Америкасына келуді армандайтынмын. Арада жылдар өткенде Жаратқан маған осындай мүмкіндік берді. Бүгінгі концерт, ең алдымен, сіздердің арқаларыңызда өтті. Өзімді өте бақытты жан санаймын, өйткені менің осындай тыңдарманым бар. Қазақстанға келіңіздер, қонағым болыңыздар", – деді Димаш сахна төрінде.

Концертте орындалған "TAU ISHSINDE" әні де жанкүйерлердің ерекше қолдауына ие болды. 2025 жылдың жазында алғаш таныстырылған бұл шығарма аз уақыт ішінде әлемдегі Dears қауымдастығының сүйікті әндерінің біріне айналған. Қазір жанкүйерлер оны әр концертте Димашпен бірге шырқайды. Тіпті ән аяқталғаннан кейін де көрермендер тоқтамай, бүкіл зал болып әуенді жалғастыруды әдетке айналдырған.

Меридадағы кештің тағы бір әсерлі сәті Қазақстан мен Мексика туларының қатар желбіреуі болды. Димаш ұмытылмас күн туралы әнін орындаған кезде көрермендердің ыстық ықыласына алғыс білдіріп, екі ел арасындағы достықтың белгісі ретінде қос мемлекеттің туын жоғары көтерді. Осы сәтте мыңдаған көрермен "Пай-пай, шіркін, ұмытылмас күн" деген қазақша жолдарды еш мүдірместен бірге шырқады. Қазақ тілін білмейтін шетелдік жанкүйерлердің ән сөздерін жатқа айтуы кештің ең әсерлі көріністерінің біріне айналды.

Айта кетейік, Димаштың DIMENSIONS әлемдік гастрольдік турының бағдарламасында ұлттық нақыштағы әндермен қатар, өзі шығарған қазақ тіліндегі туындылар да бар. Олардың қатарында "Dimensions", "Omir", "SAMGAU", "Moonlight" және "ZHANA KUN" әндері орындалып жүр.

Осылайша, Меридадағы концертте Димаштың жанкүйерлері қазақ тіліндегі әндерді бірге шырқап, Қазақстан мәдениетіне деген құрметін көрсетті. Ал өнер иесі бала күнгі арманы орындалғанын айтып, мексикалық тыңдармандарын Қазақстанға қонаққа шақырды.