Жол апатынан төрт адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп Astana TV тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Аманқарағай ауылы маңында, Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолының 92-шақырымында болған. Полицияның мәліметінше, апатқа Hyundai және Volkswagen маркалы көліктер қатысқан.
Алдын ала болжам бойынша, Hyundai жүргізушісі қауіпсіздікке көз жеткізбей маневр жасаған. Салдарынан қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Volkswagen көлігімен бүйірінен соқтығысқан. Соққыдан кейін көліктердің бірі жолдан шығып, аударылған.
Жол-көлік оқиғасы кезінде төрт адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың қазіргі жағдайы әзірге белгісіз.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.