«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 1 млн-ға жуық азамат медициналық қызметтерге қол жеткізді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту және инновациялар енгізу мәселелері қаралды. Дәрілік заттар өндірісін кеңейту, заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру және инвесторлар үшін жағдайларды жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Astana TV.
Премьер-министр ұлт денсаулығын сақтау мәселесі Конституцияда алғаш рет бекітілгенін атап өтті.
«Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жеке капиталды тарта отырып, медициналық нысандар құрылысын озық қарқынмен жүргізу міндетін қойды. Үкімет осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын және 2024-2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруда. Бұл стратегиялық құжаттар медициналық көмекті жетілдіруді, инновациялық технологияларды енгізуді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін нығайтуды көздейді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қабылданып жатқан шаралар оң нәтижесін беруде. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 76 жылға жуықтады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 1 млн-ға жуық азамат медициналық қызметтерге қол жеткізді. Соңғы үш жылда өңірлерде 800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды, алдағы уақытта тағы 70 нысан салу жоспарланып отыр. Шетелдік инвесторлар мен халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен көпсалалы, университеттік және балалар ауруханаларын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Фармацевтика саласын дамытуға да баса назар аударылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндағы нарық көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, 31%-ға өсті. 390 млрд теңгеден астам сомаға 500-ге жуық дәрі-дәрмек атауын шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған сегіз ірі инвестициялық жоба пысықталуда. Сәуір айында Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ДДҰ әдіснамасы бойынша Ұлттық реттеу жүйесінің үшінші жетілу деңгейіне жетті және «бірыңғай терезе» қағидатын енгізді. Сондай-ақ жоғары стандарттарға ие елдерден келетін препараттарды тіркеудің 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асатын жеделдетілген рәсімі енгізілді.