Денсаулық сақтау министрлігі жаңа дәрілік препараттарды тіркеу кезінде «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызметті енгізді. Енді бұл қызмет сараптама жүргізу, тіркеу және бағаны реттеу рәсімдерін бір жүйеге біріктіріп, тіркеу куәлігін беру мерзімін екі жылдан 15 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қатаң реттеуші жүйесі бар елдерден жеткізілетін препараттарды жеделдетілген тәртіппен тіркеу аясында 16 дәрілік препарат пен медициналық бұйым тіркелді, деп хабарлайды Astana TV.
2026 жылдың тоғыз айында барлығы 1 048 тіркеу куәлігі берілді, бұл көрсеткіш 2025 жылдың бүкіл жылдық нәтижесінен асып түсті. Тіркелген дәрілік препараттардың саны бойынша Қазақстан Армениядан 82%-ға, Беларусьтен 77%-ға, Қырғызстаннан 15,5%-ға жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Сараптама жүргізу үдерісін жеделдету мақсатында тіркеу дерекнамаларын талдауды стандарттауға және қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиялары да енгізілуде.
Қазақстан дәрілік заттарды тіркеу мерзімдерін жүйелі түрде қысқартып, дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.
Келесі кезеңде препараттарды Бірыңғай дистрибьютордың және амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесіне енгізу үдерісін цифрландыру көзделген. Бұл жұмысты 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр.
Негізгі мақсат – артық әкімшілік кедергілерді жойып, пациенттердің заманауи дәрілік препараттарға қол жеткізуін жеделдету болып табылады.