Астанада лицензиясыз микрокаржылық қызмет көрсетіп, азаматтарға кепілге мүлік алып қарыз берген ұйымның әрекеті әшкереленді. Заңсыз айналымнан түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан. Берешегін белгіленген мерзімде өтей алмағандарға қосымша айыппұл салып, төлем жасалмаса, кепілдегі мүлік саудаға шығарылған. Жалпы, микрокредит рәсімдегенде нені ескеру керек? Сержан Айтжан айтсын.
Комиссиялық сауданы қалқан еткен күдіктілер лицензиясыз қарыз беріп, азаматтардың мүлкін кепілге алған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мұндай заңсыз әрекет 2021 жылдан бері үш кәсіпкерлік субъектісі арқылы жүргізілген. Қарыз 30 күнге рәсімделіп, күн сайын 0,25 пайызға дейін сыйақы есептелген.
ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ:
Олар қызметінің шынайы сипатын жасыру үшін клиенттерге комиссиялық сауда мәмілесі жасалғандай етіп кепіл билеттерін рәсімдеген. Қарыз қолма-қол ақшамен беріліп, оның пайызы, мерзімін ұзартқаны үшін алынатын төлемдер мен айыппұлдар аталған кәсіпкерлік субъектілерінің шоттарына түсіп отырған.
Жалпы, микрокредит рәсімдегенде оның шарттарына ғана емес, қаржылық салдарына да мән берген жөн. Себебі қарызды уақытында өтемеу адамның кредит тарихында көрініс табуы мүмкін. Бұл кейін банк немесе басқа микроқаржы ұйымынан несие алуға кедергі келтіреді.
ЛАУРА БАЙЖАРАСОВА, ҚАРЖЫГЕР:
Болашақта өзіңізге бизнес ашам немесе баспаналы болам деген кезде, сол кредиттік тарихыңыз сізге үлкен әсер етеді уақытылы қайтармасаңыз. Сондықтан бұны бір сөзбен жауап берер едім егер ол несие шынымен сіздің қаражатыңызды арттыры, табыс табатын болсаңыз онда кредит алуға болады.
Кредит тарихында адамның алған қарыздары, төлем мерзімдері және берешекті өтеу тәртібі туралы ақпарат сақталады. Оның ішінде банктер, микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар Мемлекеттік кредиттік бюроға ақпарат беруге міндетті. Ал кредит төлемі кешіктірілсе, бұл дерек те тарихта көрініс табады. Сондықтан аз сомадағы микрокредиттің өзін уақытында қайтару маңызды.
БЕКБОЛАТ ШАКЕН, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Кредиттік тарих құпия ақпарат болып саналады. Оны азаматтың өзі және заңда көзделген ұйымдар азаматтың келісімімен ғана ала алады. Кт азамат туралы соңғы кредиттік бюроға түскен күннен бастап, бес жыл сақталады. Яғни, бұл мерзім кредит алған күннен емес, бюроға соңғы мәлімет түске күннен бастап есептеледі. Сондықтан бұрынғы несиелер және олар бойынша кешіктірулер туралы ақпарат та осы мерзім ішінде сақталуы мүмкін.
Мамандар кредит рәсімдемес бұрын ұйымның лицензиясын тексеріп, келісімшарт талаптарын мұқият оқуға кеңес береді. Әсіресе сыйақы мөлшерлемесі, айыппұл көлемі мен қарызды қайтару мерзіміне назар аудару қажет.