$443.96 €487.73 ₽5.38

Ет қымбаттады: қазақстандықтар соғымсыз қалуы мүмкін

18.11.2026ж. 19:00
Ет қымбаттады: қазақстандықтар соғымсыз қалуы мүмкін

Қазақстанда ет қымбаттады. Сарапшылардың дерегі бойынша ауылдық жерлерде фермерлер еттің 1 келісін шамамен 3000 теңгеден сатса, үлкен қалаларда оның келісі 6000 теңгеге дейін жетеді. Бағаның бұлай екі есеге дейін өсуі етсіз тұра алмайтын қазақстандықтарға өте ауыр тиіп отыр.

Ет күннен күнге қымбаттап барады. Алдымен сиыр, сосын қой етінің 1 келісі үлкен қалаларда 6 000 теңгеге жеткенде жұрт шошыды. Қой еті 28, сиыр еті 12 пайызға дейін өсті.  Кейін баға шамамен 500-1000 теңгеге ғана арзандады.Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, {ГРАФИКА}  Қарағандыда сүйекті сиыр еті 3696 теңге, сүйексіз сиыр еті 5271 теңге, жылқы еті 4822 теңге, қой еті 4566 теңге, тауықтың саны 2110 теңге.  

АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:

«Кеншілер шаһары - Қазақстанда етті жан басына шаққанда ең көп тұтынатын өңірлердің бірі. Орташа есеппен әр тұрғын бір тоқсанда 22 келіден астам ет жейді. Сондықтан ең басты азықтың қымбаттауы тұрғындарға ауыр тиіп тұр.  Биыл қазақтар соғымсыз қалуы мүмкін».

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- «Соя алмаймыз, өйткені еттің бағасы қымбат. Ет өте қымбат, 5 мың теңге өте қымбат қарапайым халыққа әсіресе. Сол үшін шамалы бағаны түсірсек.Өйткені народ тоже хочет кушать дегендей. Тем более қазақтар без мясо не можем. Ет біздің байлық, біздің энергиямыз дегендей».

- «Мал бәрі қымбат. Әрине жалақы аз ғой. Көп балалы аналарға бәріне қиын ғой. Ет шақ келмейді».

Әрине, тауар бағасы сұранысқа байланысты. Сарапшылардың айтуынша, етке сұраныс жоғары. Ал оның бағасы өндіріс шығындарына,маусымдық және экспорттық қажеттілікке, логистикаға және нарықтағы делдалдар тізбегіне тікелей байланысты. Көктемде жем-шөп қоры таусылғанда және соғым науқанында бағаның көтерілуі заңдылық. Дегенмен ауыл шаруашылығы басқармасы әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ауыл кәсіпкерлерімен келісіп етті қаладағы әлеуметтік дүкендерге әкеліп жатыр. Мұнда ет нарықтан 20-30 пайызға арзан. 

ҚАНАҒАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ЕТ САТУШЫ:

«Шаруашылықпен айналысу деген оңай шаруа емес. Артынан қарайтын жұмыскері бар, бақташы бар деген сияқты.Қарау керек, өсіру керек, өңдеу керек. Ауруы бар, емдеу керек дәрісі бар деген сияқты. Бензині бар, шөп шабу керек, бәленпай жұмыскер керек. Қымбатшылық, соған қарай баға теңесіп отыр. Соған қымбатшылыққа қарамай бағаны ұстап тұруға тырысып жатырмыз».

Биыл Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінің тарапынан қазақ қойларына сұраныс артты. Ал сиырлар Өзбекстан мен Тәжікстанға көп тасымалданды. Экономистер еттің қымбаттауын осы себептермен байланыстырған еді. Алайда ауылшаруашылық мамандары малдың еті өз елімізде жеткілікті дейді. 

СЫРЫМ БОШПАНОВ,  ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Жанар-жағармайдың қымбаттауы, басқа да қызметтердің электр энергиясының қымбаттауы барлығы әрине ол өз әсерін тигізеді. Шаруашылықтар өзінің малын тапсыруға қашан да уақыт таба бермейді. 100 бас, 200 бастан тапсырғанды жақсы көреді. Негізі сол делдалдарға тапсырып кетеді. Соның арасында 2-3 делдалдан өткеннен кейін өзінің әсерін тигізеді».

Ауылдағы шаруа малды көтерме бағамен өткізгенімен , ет қаладағы базар сөрелеріне жеткенше бірнеше қолдан өтіп қымбаттайды. Нарықта оларға шектеу қою мүмкін емес. Сондықтан мамандар халыққа етті ауылдан немесе әлеуметтік дүкендерден алуға кеңес береді.