Еліміздің әр өңірінде Жолдауда белгіленген міндеттер талқыланып жатыр. «Әділет» партиясының өкілдері халықпен кездесіп, стратегиялық бағыттарды түсіндіріп, азаматтардың ұсыныстарын тыңдауда. Елордадағы №2 қалалық емханада құжатта белгіленген стратегиялық бағыттар мен мемлекеттік саясаттың басым міндеттеріне тоқталды. Кездесу соңында емхана қызметкерлері мен тұрғындар сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
ЖАМАЛАДЕН ИБРАГИМОВ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Бұл жердегі негізгі басымдықтар Жолдаудағы Президенттің айтқан әлеуметтік қолдау мәселелеріне байланысты. Әсіресе, денсаулық сақтау объектілерінің болашақта салынуы, денсаулық сақтау саласындағы атқарылатын міндеттер әсіресе, бұл ортадағы қызметкерлердің 2027 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, алғашқы медициналық көмек көрсететін учаскелік мамандардың айлығының 40 пайызға көтерілуі өте жақсы қызықтырады деп ойлаймыз.
Ал Шымкентте «Әділет» партиясының қалалық филиалы әйел көшбасшылар мен кәсіпкер әйелдердің басын қосты. Ашық диалог барысында шағын және орта бизнесті қолдау, әйелдердің басқару ісіне араласуын кеңейту мәселелері көтерілді. Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылында да «Әділет» партиясы облыстық филиалының ақпараттық тобы тұрғындармен кездесті. Басқосуда жаңа Конституцияның маңызы, ауыл инфрақұрылымы мен әлеуметтік қолдау мәселелерін түсіндірді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, фермерлерді қолдау және өнімді терең өңдеу жайы сөз болды.
БАЙМЫРЗА ҚОЖАМБЕРЛИЕВ, АҚПАРАТТЫҚ ТОП МҮШЕСІ:
Қазақстан халқының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту осы мақсатта, осы тұрғыда біздің мемлекетіміздің алдында тұрған көптеген үлкен ауқымды міндеттер бар. Міне осы міндеттер сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асу керектігін біздің Президентіміз нақтылап тұрып айтты.