$443.96 €487.73 ₽5.38

"Екі қолы шынтақтан, екі аяғы тізеден жоқ": оралдық кәсіби фотосуретші ел ықыласына ие

18.11.2026ж. 19:00
"Екі қолы шынтақтан, екі аяғы тізеден жоқ": оралдық кәсіби фотосуретші ел ықыласына ие

Оның екі қолы шынтақтан, екі аяғы тізеден жоқ. Бірақ ол -  оралдықтардың сұранысына ие кәсіби фотосуретші. Ауыр тағдырына мойынсұнбай, он екі мүшесі сау жандардың бәріне қайсарлығымен үлгі болып жүрген Гордей Трищенков туралы келесі материалда. 

Гордейді сырттай қарасаң, камера ұстауы мүмкін емес сияқты. Бірақ ол фотоаппаратты шынтағымен демеп, өзі баптайды. Фокус пен ракурсты, тіпті жарықты да өзі реттейді. Бүгінде ол оралдықтар үшін сұранысқа ие кәсіби маман. Той өткізетін тұрғындар оны арнайы алдыртып, отбасылық қуанышын таспалауды сеніп тапсырады.

ГОРДЕЙ ТРИЩЕНКОВ,  КӘСІБИ ФОТОСУРЕТШІ:

Мен өзімді мүгедек санамаймын. Қол-аяқсы өмірге келсем де, құдай маған мүмкіндік берді. Бала кезден бейімделіп өстім. Мені қолдайтын жан жарым мен қызыма алғысым шексіз. Осы қимас жандар маған қуат береді. Егер адамның сүйікті отбасы жанында болса, тау қопаруға болады.

Гордей әріптестеріне де үлгі. Үнемі күлімдеп көңілді жүретін жігерлі жігіт тапсырманы тиянақты орындап, жауапкершілігімен танылған.

АҚНҰР НҰРҒАЛИЕВА, ӘРІПТЕСІ:

Мен өзім Гордейді қол-аяғы балғадай, сондай дені сау адамдармен тең дәрежеде көремін. Тапсырманы беріп, бірге жұмыс істеп, Гордей былай істейік, Гордей осылай істейік деген кезде ол да өзінің шығармашылығын қосып, сондай өте жақсы тандем. Жақсы жұмыс істейміз. Кез келген жұмыста оның кемшілігі бар-ау деп сезінбейміз.

Гордей тағдырына мойынсұнған емес. Ол гитара тартып, ән шығарады, поэзияға да жақын. Қыз өсіріп отырған аяулы әке, адал жар. Ал қолы қалт етсе қала мен табиғаттың әдемі көріністерін суретке түсіреді. Ол үшін бос уақыт жоқ, әр сәтін шығармашылыққа арнайды.