$444.16 €487.29 ₽5.4

Қазақстанда туризм саласына салынған инвестиция 68%-ға артты

Қазақстанда туризм саласына салынған инвестиция 68%-ға артты
Фото: ҚР ТЖСМ

Қазақстанда туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға өскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында еліміздегі қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 5 миллионға жуық адамға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға көп. Ал туристерге көрсетілген қызмет көлемі 15%-ға артып, 173,7 млрд теңгеге жетті.

Қазір туризм саласында 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл елдегі жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 6%-ын құрайды.

Биыл өңірлерде жалпы құны 19,5 млрд теңге болатын 15 туристік инфрақұрылым жобасы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 38 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы құны – 159 млрд теңге. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары 78 млрд теңгеге 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

Өңірлердегі туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекіту жобасы қолға алынған. Оның жалпы құны – 17,8 млрд теңге. 2025-2026 жылдары осы мақсатқа 5,5 млрд теңге бөлініп, тағы 10,5 млрд теңге Инфрақұрылымдық даму қорынан қарастырылған.

Алматы облысында Қайыңды көлі мен «Көшпенділер қаласына» апаратын жолдар салынды. Абай облысында құны 7,9 млрд теңге болатын «Алакөл – Көктал» электр желісінің құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Щучье-Бурабай курорттық аймағын, Маңғыстау туристік өңірін және Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспарлары бекітілді. Үш бағыт бойынша барлығы 293 іс-шара көзделген. Оның 61-і орындалса, қалған 232-сі іске асырылып жатыр.

Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жаңа тетік енгізілді. Атап айтқанда, туристік автобустар мен ұйымдасқан топтардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеңілдететін «жасыл дәліз» іске қосылды. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болды. Ал ұлттық парктердегі жер учаскелерін ұзақ мерзімге пайдалану мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылды.

Әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Биылғы тоғыз айда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Қазір Қазақстан 31 елмен 137 бағыт бойынша әуе қатынасын жүзеге асырады. Сонымен қатар Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда үш жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр.