Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі бой көтеріп жатыр. Аумағы 17 мың шаршы метрге жуық мәдени кешен бір мезетте 1400 келушіні қабылдай алады. Мұнда 500 мың кітап сақталып, оның 75 мыңы оқырмандарға ашық қолжетімді болады. Жаңа нысан тек кітап оқитын орын емес, білім мен шығармашылықтың заманауи орталығына айналмақ. Мұнда 400 орындық оқу залдары, коворкингтер, конференция залдары, 3D-принтерлермен жабдықталған шеберханалар мен дыбыс жазу студиялары ашылады. Балалар мен жасөспірімдерге де арнайы кеңістіктер қарастырылған. Қазір құрылыс алаңында күн сайын 300-ден астам маман жұмыс істеп жатыр. Ғимараттың негізгі қаңқасы аяқталған. Мамандар ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және қасбетті безендіру жұмыстарын жүргізуде. Ауқымды жобаны келер жылы пайдалануға беру жоспарланған.
МҰРАТ САТАЕВ, «QAZAQ STROY» ЖШС МЕНЕДЖЕРІ:
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының едәуір көлемі орындалды. Ғимараттың негізгі көтергіш конструкцияларының құрылысы іс жүзінде аяқталды. Сонымен қатар инженерлік жүйелер мен желілерді орнату, ішкі әрлеу жұмыстары, қасбетті қаптау, витраж конструкцияларын монтаждау және сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.