Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс күшеймек. Семейде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Жиын қорытындысында Абай облысының прокуратурасы, өңір әкімдігі және Қазақстандағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Тараптар күш біріктіріп, зорлық-зомбылықтың алдын алу және көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес тек оның салдарын жоюмен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы - құқықбұзушылықтарға себеп болатын жағдайларды анықтап, олардың алдын алу. Сондықтан жаңа келісім аясында мемлекеттік органдар профилактикалық шараларды үйлестіріп, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмекті дер кезінде көрсетпек.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: “Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын, мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды институт”, – деп атап өтті. Қазір өңірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты көмек көрсетіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған төрт отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Отбасыларға қолдау көрсету - бірнеше мекеменің үйлесімді жұмысын талап ететін маңызды міндет. Әсіресе, зорлық-зомбылық туралы хабар түскен жағдайда жедел әрекет етіп, зардап шеккен азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:
Уәкіл институтының негізгі бағыттарының бірі - қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл ретте әкімдіктер, отбасын қолдау орталықтары мен әлеуметтік басқармалардан тұратын тұтас жүйе жұмыс істейді. Сондықтан ортақ міндетіміз – бірлесе әрекет етіп, отбасы саясатын нығайту. Жүйелі кемшіліктерді анықтап, оларды жоюымыз керек.
Меморандум аясында Абай облысындағы мемлекеттік органдар мен тиісті мекемелердің өзара іс-қимылы одан әрі нығая түспек. Прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жалғастырады.