$448.72 €493.86 ₽5.49

Ақтауда интернеттегі жаңа қауіп-қатерлер мен кибералаяқтардан қорғану жолдары талқыланды

AstanaTV
20.11.2026ж. 19:00
Ақтауда интернеттегі жаңа қауіп-қатерлер мен кибералаяқтардан қорғану жолдары талқыланды

Ақтауда цифрлық қауіпсіздік пен сауаттылық мәселелері талқыланды. «CYBER SANA» облыстық цифрлық форумында өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіп-қатерлерді дер кезінде танып, алаяқтық әрекеттерден қорғану жолдары сөз болды. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ отандық медиа саласының танымал тұлғалары қатысты.

Алаяқтың айласына алданбау үшін алдымен қауіптің қайдан келетінін білу керек. Құқық қорғау органдары тұрғындарға цифрлық қауіпсіздіктің үш қарапайым әрі негізгі қағидасын еске салды. SMS-код пен банк деректерін ешкімге бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз шоттарға ақша аудармаған жөн. Ал қаржы ұйымдары күдікті операцияларды бақылап, клиенттердің қаражатын қорғау тетіктерін күшейтіп жатыр.

АЛТЫНАЙ КОЩИЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ МАҢҒЫСТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС МАМАНЫ, ЗАҢГЕР-КЕҢЕСШІ:

Төлем операциясынан алаяқтық белгілері байқалса, банк тиісті ақпарат ұсынады. Мәселен, бір адамның шотына әдеттен тыс көп аударым түссе немесе түнгі уақытта ірі көлемдегі ақша қозғалысы тіркелсе, мұндай жағдайлар күдік тудыруы мүмкін. Сондықтан қаржы ұйымдары осындай операцияларды жіті бақылауда ұстайды.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Сарапшылар тұрғындарға киберқылмыстың құрбаны болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін түсіндіріп, банктік операциялардың қауіпсіздігі мен жеке деректерді қорғау жолдарын атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі жеке шекара, ақпараттық жауапкершілік және алаяқтар қолданатын психологиялық айла-тәсілдер талқыланды.

ДИНА ТАСБОЛАТОВА, АКТРИСА:

Кейде мұның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Жеке хабарламаларға қоқан-лоқы, қорқыту, тіпті өлтіремін деген мазмұндағы жазбалар келеді. Сондықтан әр адам цифрлық гигиенаны сақтауы керек. Экранның ар жағында да өзің сияқты адам отырғанын ұмытпаған жөн. Оған балағат сөз жазып, агрессия танытуға болмайды. Әрбір пікіріміз бен әрекетіміздің салдары бар. Өзгеге жасалған әлімжеттікке қосылмай, керісінше, оның алдын алуға үлес қосуымыз қажет.

Форумды Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық полиция департаменті «Эко Мангистау» үкіметтік емес мекемесімен бірлесіп өткізді. Іс-шара облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды. Бағдарламада сарапшылармен ашық диалог, онлайн сұрақ-жауап және «CYBER SANA» интерактивті квизі де ұйымдастырылды. Басты мақсат – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттырып, интернеттегі қауіп-қатерден қорғану мәдениетін қалыптастыру.