Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мұғалімі ұлттық аспапты заманауи технологиямен ұштастырып, домбыра үйренудің тың әдісін ойлап тапты. Берік Аманжол жасаған ерекше домбыраның пернелері жарық арқылы белгі беріп, күй мен әннің әуенін меңгеруге көмектеседі. Құрылғының көмегімен музыкалық сауаты жоқ балалар да аспапта ойнауды үйрене алады. Бұрын зауытта инженер болып еңбек еткен педагог бүгінде ауыл оқушыларына математика мен информатикадан сабақ беріп, бос уақытында цифрлық технологияларды ұлттық өнерді дамытуға пайдаланып жүр. ASTANA TV тілшісі ерекше жобаның жұмысымен танысып, өнертапқыш пен оның шәкірттерімен тілдесті.
Инженерден ұстазға дейін: ерекше идея қалай пайда болды?
Берік Аманжол бірнеше жыл бұрын Петропавлдағы зауыттардың бірінде инженер-электромеханик болып жұмыс істеген. Кейін ауыл мектебіне мұғалім болып ауысып, балаларға математика және информатика пәндерінен сабақ бере бастаған.
Техникалық білімі мен инженерлік тәжірибесі оған оқыту үдерісіне жаңаша қарауға мүмкіндік берген. Педагог заманауи цифрлық шешімдерді тек мектеп пәндерінде ғана емес, ұлттық музыкалық аспапты үйретуде де қолдануды жөн көрген.
Осылайша, оқушылардың домбыраға деген қызығушылығын арттырып, аспапты меңгеруді жеңілдететін құрылғы жасау идеясы туған. Мұғалім өзінің авторлық жобасын қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың құрметіне атаған.
Цифрлық домбыра сырттай қарағанда дәстүрлі аспаптан айтарлықтай ерекшеленбейді. Алайда оның мойнына жарықдиодты шамдар орнатылған. Олар әуенді орындау кезінде саусақты қай пернеге қою керектігін көрсетіп отырады.
Осылайша, оқушы нотаны оқымай-ақ, жарық белгілеріне қарап, белгілі бір әнді немесе күйді орындауды үйрене алады.
Жарық арқылы домбыра тартуды үйретеді
Цифрлық домбыраның басты ерекшелігі – аспапты меңгеру үдерісін барынша көрнекі етуінде. Домбыраның әр пернесіне арнайы жарықдиодты шам орнатылған. Құрылғыға алдын ала енгізілген әуен қосылғанда, шамдар белгілі бір ретпен жанады. Ал оқушы сол белгілерге сәйкес саусақтарын орналастырып, әуенді қайталайды.
Оқыту жылдамдығын арнайы басқару пульті арқылы реттеуге болады. Бұл әсіресе аспапты алғаш қолға алған балалар үшін ыңғайлы. Олар әуенді алдымен баяу орындап, кейін біртіндеп жылдамдықты арттыра алады.
«Әр жарықдиодты шам белгілі бір пернеге сәйкес келеді. Құрылғының ішінде шамдарды басқаратын және SD-картаға алдын ала жазылған әуендерді ойнататын жүйе орнатылған. Сондай-ақ дыбыс шығаратын динамигі бар. Пульт арқылы қажетті әуенді таңдаймыз. Оқушы жарық белгілерін қайталай отырып, саусақтарын қай пернеге қою керектігін біртіндеп жаттап алады», - дейді жоба авторы Берік Аманжол.
Құрылғының жадына қазақтың дәстүрлі күйлері мен танымал әндер енгізілген. Олардың қатарында Абайдың «Көзімнің қарасы» әні, балаларға таныс әуендер және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны да бар.
Мұғалімнің айтуынша, бұл әдістің артықшылығы – оқушының теориялық білімді меңгеруін күтпей, бірден аспапта ойнауға мүмкіндік беруінде.
Дәстүрлі оқытуда бала алдымен пернелердің орналасуын, нота сауатын және орындау тәсілдерін үйренеді. Ал цифрлық домбыра бастапқы кезеңде осы үдерісті жеңілдетіп, оқушының қызығушылығын сақтауға көмектеседі.
Педагог өз тәжірибесіне сүйеніп, әзірлеме арқылы оқытудың тиімділігін 80 пайыз деп бағалайды. Алайда бұл көрсеткішті растайтын тәуелсіз зерттеу нәтижелері әзірге ұсынылмаған.
Ерекше аспапты қолданып жүрген оқушылардың айтуынша, жарық белгілері әуендерді тезірек меңгеруге көмектеседі.
Екатерина Сербина домбыра тартуды жақында ғанаүйрене бастаған. Соған қарамастан, цифрлық құрылғыныңкөмегімен бірнеше шығарманы орындауды меңгерген.
«Осы домбыраның арқасында көптеген әуенді үйрендім. Олардың арасында «Көзімнің қарасы», «Кузнечик» және Қазақстанның Әнұраны бар. Бұл аспап домбыра тартуды жаңадан үйреніп жүргендерге өте ыңғайлы. Әр перне жарық арқылы белгі беріп тұрады, ал сен сол белгілерді қайталайсың», - дейді оқушы Екатерина Сербина.
Ал Лаура Сеитова бұған дейін бір жыл бойы кәдімгі домбырада ойнауды үйренген. Оның айтуынша, жаңа құрылғы жаттығу кезінде саусақтардың орналасуын есте сақтауды жеңілдетеді.
«Бұған дейін бір жыл кәдімгі домбырада ойнадым. Ол кездепернелер мен ноталарды жаттау керек болатын. Ал бұлдомбыра қай пернені басу керектігін өзі көрсетеді. Сондықтан үйрену әлдеқайда жеңіл. Қазір домбыратартуға қызығатын адамдар көп. Менің ойымша, бұлқұрылғы оларға аспапты тезірек меңгеруге көмектеседі», - дейді оқушы Лаура Сеитова.
Оқушылардың тәжірибесі цифрлық технологиялардың музыкалық білім беруде қосымша құрал бола алатынын көрсетеді.
Дегенмен мұндай құрылғы дәстүрлі музыкалық білім беруді толық алмастырмайды. Домбыра тарту үшін саусақтарды дұрыс орналастырумен қатар, ырғақты сезіну, қағыс түрлерін меңгеру, дыбыс тазалығын сақтау және шығарманың көркемдік ерекшелігін түсіну де маңызды.
Сондықтан цифрлық домбыраны әсіресе алғашқы сабақтарда қызығушылықты арттыратын және жаттығуды жеңілдететін қосымша құрал ретінде қарастыруға болады.
Келесі қадам – жасанды интеллект енгізу
Берік Аманжол әзірлемесін одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Оның келесі мақсаты – домбыра үйрететін құрылғыға жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Педагогтің айтуынша, жаңа электрондық платаның сызбасы әзірленіп, техникалық жұмыстары жүргізілген. Енді құрылғының мүмкіндіктерін кеңейту және оны әріқарай дамыту көзделіп отыр.
«Қазір электрондық платаның сызбасын толық әзірледік. Оның барлық жолдары дәнекерленген, тақта дайын. Алдымызда патент алу міндеті тұр. Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттердің бірі – цифрландыру, екіншісі – жасанды интеллект. Бізцифрландыруды жүзеге асырдық, енді жасанды интеллект енгізуге бір қадам қалды. Бұл домбыра үйренуді одан әріжеңілдетеді», - дейді жоба авторы Берік Аманжол.
Жобаның жаңа кезеңі ұлттық музыкалық аспап пен цифрлық технологияларды біріктіруге бағытталған. Дегенмен жасанды интеллекттің нақты қандай қызмет атқаратыны және құрылғыда қалай қолданылатыны әзірге толық нақтыланбаған.
Мұғалімнің ойынша, технологияларды тиімді пайдалану ұлттық музыкалық өнерге қызығатын балалардың санын арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл мұғалімінің жоспары тек цифрлық домбырамен шектелмейді. Берік Аманжол алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен тағы екі білім беру құрылғысын жасауды көздеп отыр. Оның бірі – математикалық есептерді шығаруға көмектесетін калькулятор, екіншісі – шахмат ойнауды үйрететін жаттықтырғыш.
Бұл жобалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналады.
Педагогтің мақсаты – технология арқылы оқытуды жеңілдетіп, әртүрлі қабілеті мен қажеттілігі бар оқушыларға білім алудың қосымша мүмкіндіктерін ұсыну.
Мұндай бастамалар ауыл мектептерінде де заманауи технологияларға негізделген авторлық жобаларды дамытуға болатынын көрсетеді.
Әсіресе инженерлік білім мен педагогикалық тәжірибенің ұштасуы балалардың оқу үдерісіне қажетті қарапайым әрі қолжетімді шешімдер жасауға жол ашады.
Берік Аманжолдың цифрлық домбырасы – дәстүрлі музыкалық аспапты заманауи оқыту әдістерімен ұштастырудың бір мысалы.
Жоба домбыра тартуды үйренудегі алғашқы қиындықтарды жеңілдетуге бағытталған. Жарық белгілері оқушыға пернелерді табуға көмектессе, әуеннің жылдамдығын реттеу жаттығуды өз мүмкіндігіне қарай орындауға жағдай жасайды.
Ал жасанды интеллектті енгізу жоспары әзірлемені одан әрі жетілдіруге жол ашуы мүмкін.
Бұрын зауытта инженер болып жұмыс істеген ауыл мұғалімі бүгінде өз білімі мен тәжірибесін балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жұмсап жүр. Оның бастамасы ұлттық өнерді сақтаудың бір жолы – оны жаңа буынға түсінікті әрі қызықты тәсілдермен үйрету екенін көрсетеді.