$455 €498.77 ₽5.56

Айя-София мешітінің астында ғасырлар бойы жасырынған тоннель табылды

22.11.2026ж. 14:33
Айя-София мешітінің астында ғасырлар бойы жасырынған тоннель табылды
Фото: Anadolu

Ыстамбұлдағы Айя-София мешітінің астында жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары кезінде шамамен 420 метрлік жерасты тоннельдері тазартылып, ежелгі су инфрақұрылымы мен бөлмелер ашылды, деп хабарлайды Astana TV.

Anadolu ақпаратынша, 6 жерасты кеңістігі мен 9 тоннельді анықталды. Олардың кейбірі Рим дәуіріне тиесілі болуы мүмкін.

Екі жыл бұрын басталған жұмыстар барысында ғасырлар бойы жиналған 1 000 текше метр (шамамен 3 000 тонна) топырақ пен қоқыс шығарылды.

Тоннельдердің бірі оңтүстікке қарай, әйгілі Базилика цистернасына тікелей бағытталған. Тоннель 3% еңіспен төмендейді және онда әлі күнге дейін су ағып жатыр (судың көзі жерасты сулары немесе ежелгі акведук желісі болуы мүмкін).

Ең ұзын өткел 200 метрден асады. Қазіргі уақытта үлгілерге талдау жасалып, бұл желінің ежелгі қала инфрақұрылымындағы рөлі зерттелуде.

Ғылыми комитет мүшесі профессор Ахмет Гүлечтің айтуынша, жерасты жолдарын келушілерге ашу ниеті бар, бірақ бұл әлі ерте. Алдымен қауіпсіздік, санитарлық жағдай және құрылымдық тұрақтылық мәселелері толық шешілуі тиіс.